​«СҮНДЕТ КӨРПЕ» мен «СҮНДЕТ ЖЕЙДЕ» жайлы білесіз бе?

0
212

Сүндет тойды жасау ата мен әженің парызы ма?


​«СҮНДЕТ КӨРПЕ» мен «СҮНДЕТ ЖЕЙДЕ» жайлы білесіз бе?

Сурет: жеке мұрағаттан

Ұрпақ жалғастығын өмірдегі ең биік мақсаттарының, асыл мұраттарының бірі санаған халқымыз перзентін төбесіне көтере қастерлейді. Оған дәлел – сәби дүниеге келгеннен бастап әр жасын, әр кезеңін айрықша мереке етіп атап өтуі, басқа да балаға қатысты ырымдар, салттар. Бойға біткеннен көл-көсір шаттыққа бөлеп, құрсақтоймен басталып, дүниеге келуін шілдехана кешімен отыз күн ойын, қырық күн тойға жалғаған. Бұл мереке мұнымен тоқталмай, әрі қарай да түрлі тойлармен, ырымдармен жалғасын табады.

Солардың ішінде ұл баланың өміріндегі үлкен бір белес – сүндеттелу кезеңі. Сүндет тойдың алар орны ерекше. Қазақтың жан-жаққа ат шаптырып, хабар беріп жасайтын атаулы тойларының бірі. Бұл тойға бүкіл ағайын-туған, нағашы-жиен, жекжат-жұрағат, дос-жаранның барлығы шақырылады. Бұрынырақта сүндет тойының құрметіне ат шаптырып, бәйге ұйымдастырылған, жамбы атқан, палуан күрестірген, теңге алған. Баланың қуанышы болғандықтан, тай жарыс, құнан жарыс өткізілген.

Баланы сүндетке отырғызған соң қуанышын елмен бөлісу ата-ананың парызы болып есептеледі. Ал сүндет той жасау – көзі тірі ата-әженің парызы. Яғни ата-әже «немеремді сүндеттеп жатырмын» деп осы тойды өз аттарынан жасайды.


Баланы сүндеттелуге дайындау әдісі

Ер баланы кішкентайынан басқа балалардың сүндет тойына ертіп баратын болған. Соны көріп өскен ұл өзінің де сондай бір белестен өтетін күні болатынын іштей ұғып, бұған психологиялық тұрғыдан дайын болады.

Сондай-ақ атасы мен әжесі ұл баланы «Сен азамат боласың, жігіт боласың!» деп құлағына сіңіріп өсірген. Әр жерде әртүрлі, тіпті өрескелдеу айтып жүргендер бар, бірақ бұрынырақта текті ата-әжелер балаға сүндеттеуді «Сен сұлуланасың» деп жеткізген екен.


Сүндет тойдың басқа тойлардан ерекшелігі

Бұл тойдың басқа тойлардан айырмашылығы – тойға сүндеттелетін баланың өзі шақыруыа. Тіпті ұзақ жол болса, қасына ересек адам еріп, жолаушы барып та шақырып келген. Себебі біреу арқылы айта салғанға «пәленше келіп айтып кетті», «біреуден айтып жіберіпті» деп шақырылған жақ кәдімгідей ренжіп қалған. Өйткені бұл – баланың есейгендігінің белгісі. Өз тойына шақырып келген балаға барған жерінде шашу шашады. Атының жалына орамал, шүберек байлап, қоржынына тәтті салған. Сыйлығын беріп жіберген. Ол бала ауылына келгенде «бізді де осы күнге жеткізсін» деген ниетпен елдің салған шашуынан барлығы бөлісіп алады екен.

Ал тойға келген туған-туыстар, жекжат-жұрағаттар балаға міндетті түрде сый алып келген. Тіпті кейбір туыстары бала тойға шақырып барған кезде-ақ атаған малын жетектетіп жіберген.

Қазақта бала үшін нағашы жұртының орны бөлек. Баланың нағашы жұртынан, бір жерде – «қырық серкеш», енді бірі – «қырық шұбар тай» дейді, яғни жиеннің нағашысынан алатын үлесі болады. Нағашы жұрты жиенінің сүндетке отыруына орай, ертеңгі күні төлі өсетіндей етіп, осы үлестің бір бөлігін – малын айдап келген. Оны өздеріне міндет әрі үлкен дәреже санаған.

Баланың, анығы ер-азаматтың ауқатты болуы осылай өзіне тиесілі жеке мал басының жиналуынан басталады. Бала ержеткенше осы малының басы көбейіп, өсе береді, оған тиіспеген. Ол кездегі байлар мен кедейлерді салыстыруға болмас, бірақ кедейдің баласына да «көңілі ортайып қалмасын», «еңсесі түспесін, өзгелерден өзін қор санамасын» деп бәсіресін беріп, сыйлықтарын берген.

Шамалары келгенше алдына мал салған. Өйткені қазақтар біріне-бірі қолғабыс жасаған, соны мәртебе санаған. Қалай болғанда да, бала сүндеттойында үлкен сыйға, құрметке ие болған.



Бүгінгі күні де сүндет той әр шаңырақта тойланғанымен, бет-бейнесі бұрынғыдан өзгерген. Тіпті кей салты ел арасында мүлдем сақталмай қалған. Айталық, сүндеттелген балаға «сүндетжейде» мен «сүндеткөрпе» сыйға тарту. Бұл сөздерді кей оқырман бірінші рет оқып отырса, таң қалмаймын. Өйткені расында білмейтіндер көп. Сондықтан қазақ дәстүр-салтының энциклопедиясына айналған Зейнеп Ахметова апамыз жеткізген мына бір ақпаратты ұсынғым келеді.

«Сүндетке отырғызған балаға арнайылап «сүндетжейде» мен «сүндеткөрпе» тігіледі.

«Сүндетжейде» – кең әрі ұзын етіп тігілетін баланың жарасы жазылғанша киетін жейдесі.

«Сүндеткөрпе» де қазақта бұрыннан бар нәрсе. Дүкеннен дайын көрпені сатып алғаннан гөрі әр әже немересіне «сүндеткөрпені» өзі қолымен дайындағаны дұрыс деп ойлаймын. Мен де өзімнің немерелеріме өз қолыммен түйе жүннен «сүндеткөрпе» дайындадым. Базарда көрпенің сан түрі бар. Бірақ мен өз қолыммен жүнді түтіп отырып «Айналасына жұғымды болсын!», «Ешкімге жамандық жасамасын!», «Өмірден тек жақсылық көрсін!» деген жақсы тілектерімді тілеп, көрпені өз қолыммен тіктім. Көрпенің бас жағына үкі қададым. Өйткені үкі қасиетті саналады әрі бала көрпенің бас жағы мен аяқ жағын шатастырмауы керек. Көрпенің біресе – бас жағын, біресе аяқ жағын қалай болса, солай жамылуға болмайды. Кезінде Ержанымның «сүндеткөрпесін» әжесі тіккен болатын. Соның қабын сөгіп, жүнін жуып, содан Нұрсұлтанға «сүндеткөрпе» дайындадым. Өзінің әкесінің «сүндеткөрпесінің» түйе жүнінен баласына қайтадан «сүндеткөрпе» тіктім солай. «Сүндетжейде» мен «сүндеткөрпе» балаға міндетті түрде тігілуі керек.

Менің әкем үлкен дәрігер болатын. Өзі де көп балаларды сүндетке отырғызған. Есіме мына бір оқиға түсіп отыр. Ұмытпасам, әкем «Ислам және медицина» деген кітапты оқып отырып: «Ақымақ! Мына бір дәрігерсымақ елді шатастырып мынандай нәрсе жазыпты…» деп ашуланып лақтырып жіберді. Жаңағы кітапқа «Сүндетке отырғызу баланың өміріне қауіпті, бала мүгедек болып қалады» деген сияқты нәрселер жазылған екен. Мұндай түсінік Кеңес өкіметі кезінде белең алды. Өйткені ол кездегі жүйе адамның Жаратқан иеге деген сенімін тартып алды. Салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа деген сенімін жоғалтты. Сол кездері құрылған «Құдайсыздар қоғамының» ең бірінші белсене кіріскен шаруасы – осы сүндеттойды болдырмау, яғни сүндетті жою болды. Осының кесірінен Кеңес Одағы кезінде балалардың көпшілігі, әсіресе орысша оқығандардың балалары сүндетсіз қалды, ол – рас. Кеңес өкіметінің кезінде сүндеттой жасау деген мүлде ұмытылды деуге болады. Бірақ көптеген қазақ отбасылары жасырын болса да, баласын сүндетке отырғызуға тырысты. Той-томалақ жасап, дабыра қылмағанмен, қазақ мұсылмандығынан айныған жоқ. Біз қалада тұрсақ та ұлымызды сүндетке отырғыздық. Ол кезде атаның өз отбасы болды, бізден бөлек тұрды. Бір жағынан, сол кезде Мәскеуге жолушылап кетіп, үйінде болмаған еді. Ержанның әжесі (Бәкеңнің нағашы апасы) өзінің сіңлісінің дәрігер баласын шақыртып, баламызды сүндеттеді. Кейін атасы келгенде айттық. Ата сонда қатты қуанды. «Бұл менің міндетім еді» деп апаға алғысын айтты. Немересіне көрімдігін беріп, мәз болды. «Жылады ма?» деп сұрады бірден. Ержанның жыламағанын, «Батыр бала Болатбекті» айғайлап айтып жатқанын айтып бердік. Атамның Мәскеудегі досына кішкентай немересінің сүндетке отырғызғанда қайсарлық танытқанын қуана жеткізгені жайлы жазылған хатының көшірмесін кейінірек архивінен таптық. Ата хат жазғанда міндетті түрде көшірмесін алып қалатын...»

Бұдан басқаша сөздермен «сүндетжейде» мен «сүндеткөрпе» жайлы тағы түсіндіру артық болар. Осыны білгеннен соң ата-ана өмірінің маңызды бір кезеңінде жас балаға атасының, әкесінің ескі жейдесін кигізе салмай, арнайы тігіп береді деген үміттеміз. «Сүндеткөрпе» жайлы да жазылған мәліметті оқырман ойға тоқып алса игі.

Төре СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

«ҚАЖЫЛЫҚҚА ҚҰЛЫҚСЫЗ БАРҒАНДАЙ БОЛДЫМ»: Жолдаманы ұтып алған қарияның жан сыры