​ШАШты ӨРГЕНДЕ осы СӨЗДЕР айтылуы керек

0
798

"Өс-өс" деп қыз баланың шашын өргенде ақырындап тартқылап отыру керек


​ШАШты ӨРГЕНДЕ осы СӨЗДЕР айтылуы керек

фото: YouTube

Қазақта көне әдет-ғұрып бойынша қыз баланың шашы өсіріп, ұл баланың шашын түгелдей сыпырып алып тастамай, «көз тимесін» деген мақсатта кекіл, айдар және тұлым қойған. Бұл әдет Ислам діні келместен бұрын түркі халықтарына ортақ болса, моңғол, қалмақ, қытай сынды шығыс халықтарында әлі күнге дейін сақталған.

Қазіргі кезде де кейбір ата-аналар қазақтың ежелгі ұстанымдары мен ырымдарына сүйеніп, баласы көптен тұрақтамаған, ұзақ уақыт аңсап күткен сәбиі болса, «көз тимесін» деген ырыммен баласына кекіл, айдар, тұлым қойып жатады. Енді біреулер сән үшін де осылай жасайды. Алайда, бұл қазақтың көне дәстүрі екендігін білмейтіндер де бар.

Сондай-ақ, дінімізде әйелдерге шашты тықырлап алып тастауға немесе тым қысқа етіп, ерлердің шаш үлгісіндей етіп қысқартуға тыйым салған. Өйткені, шаштың мүлдем болмауы немесе тым қысқа болуы әйел затының табиғатына үйлеспейтін әрі кескін-келбетіне жараспайтынын ескерген жөн. Ал дінімізде әйелдің ер адамға, ер адамның әйелге ұқсауы құп көрілмейтін, жағымсыз іс-әрекет саналады.

Бұл әжелерімізден, аналарымыздан өскелең қыз балаларға айтылатын өнеге есебінде десе де болады. Құлдырыңдап жүгіріп, мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап, анам шашымды өсіруді қолға алды. Өзім де шашымның ұзын болғанын қаладым. Кішкентай қыз болсам да, шаш қыздың көркі екенін жақсы ұғатынмын.

фото: multiurok.ru

Күн сайын мектепке барарда анам «Айда құлаш, күнде тұтам, өс-өс» деп шашымды өріп беретін. Шашымды өріп отырғанда осы сөздердің неліктен айтылатынын білмеймін, бірақ, тастай етіп өріп болған соң, өрілген шаштың орта белінен үш рет ұрғылап, осы сөздерді айтатынын мен де жаттап алғанмын. Бірақ бұл әрекеттердің мағынасы қандай екенін мен кейін түсіндім. Қазір ғаламтор барлығына қолжетімді ғой, осындай ақпаратқа қанық болған кезімде таң қалдым шыны керек.
Мұнда шаштың ұзын болуын, қыз баланың өсуін, көркейіп, бойжетуін тілеген мағына жатыр.
Бұл сөздер баланың дені сау, өмірі ұзақ болсын, әр күні бір жақсылыққа толсын деген ырымға негізделген екен.
«Айда құлаш» - ай сайын бір құлаштай ұзарып, бойы да, ойы да өссін деген тілек.
Ал «күнде тұтам» дегені - күн сайын бір тұтамдай өсіп, жақсылыққа қарай дамысын дегенді білдіреді. Осылайша, қазақ халқы қыз баланың болашағына үмітпен қарап, оған жақсы тілектер арнаған.
Енді өзім де солай қыздарымның шашын өргенде айтамын. Естіп өскеннен кейін, сол сөздер бойыңа сіңіп кетеді екен.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ



Оқи отырыңыз:


«ЖЫЛУ ЖИНАУ» дәстүрі бірігуге үндейді


Жаназадан соң НЕГЕ басқа үйге БАРУҒА БОЛМАЙДЫ?