​«КӨППЕН КӨРГЕН ҰЛЫ ТОЙ»: көпке көзсіз еру ме, көппен бірге болу ма?

0
309

Бұл мақал адамды шарасыздыққа, қол қусыруға итермелемей ме?


​«КӨППЕН КӨРГЕН ҰЛЫ ТОЙ»: көпке көзсіз еру ме, көппен бірге болу ма?

Сурет: ЖИ

Біз бүгін «Көппен көрген – ұлы той» деп қай кезде, қандай жерде айтып жүрміз?

1-жағдай той мен салтқа қатысты. Қаржылық мүмкіндігі шектеулі болса да, айналасындағылардың бәрі үлкен той жасап жатқандықтан, өзі де қарыз алып той жасауға кіріседі. Айтылатын уәж: «Елдің бәрі той жасап жатыр ғой. Қалай да жасау керек»

2-жағдай бала тәрбиесіне қатысты. Бала тәрбиесінде қандай да бір мәселе туындаса, ата-ана жаңа әдісті іздеудің орнына «Бәріміз де осылай өстік. Ештеңе етпеді, адам болдық. Жұрттың да баласы осылай өсіп жатыр» деп мәселені жаба салуы мүмкін.

3-жағдай білім орны не мамандық таңдау тұсында. Жасөспірім белгілі бір мамандыққа қызықпайды, бірақ ата-анасы «Қазір жұрттың бәрі осы мамандыққа түсіп жатыр. Сен де түс. Көптен қалма. Көппен көрген – ұлы той» деп қыспақтайды. Нәтижесінде адамның қабілеті мен қызығушылығы емес, көпшіліктің таңдауы шешім қабылдаудың негізгі өлшеміне айналады.

4-жағдай қаржы мәселесінде қылаң береді. Бір танысы қымбат көлік алды. Екіншісі үйін жөндеді. Үшіншісі несиеге жаңа телефон сатып алды. Ал төртінші адамның оның бәріне шамасы жетпейді. Сонда: «Қазір бәрі кредитпен өмір сүріп жатыр. Несиеге өмір сүріп жүр. Мен ғана қалып қоймайын. Көппен көрген – ұлы той» деп тәуекелге барып, өзіне қаржылық салмақ түсіруі мүмкін.

5-жағдай – қызметтегі әділетсіздікке көз жұму. Ұжымда бір мәселе бар делік. Оны басшылыққа айтуға ешкімнің батылы жетпейді. Бір қызметкер: «Бәрі үндемей отыр ғой. Сен де үндеме. Бір мәнісі болар, көрерміз, «Көппен көрген – ұлы той» дейді.

6-жағдай тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты. Мысалы, адам отбасындағы қиындық туралы жақындарына айтады. Бірақ оған «Ерлі-зайыптының арасында ондай-ондай болады. Бәрі шыдап жүр. Сен де шыда. Көппен көрген – ұлы той» деп жұбатуы мүмкін. Бұл жағдайда мақал қолдау көрсету үшін емес, адамның мәселесін елемеу және әрекетсіздікке итермелеу үшін қолданылып тұр.

7-жағдай – «Жұрт не дейді?» деген қорқыныш. Адам өзіне ұнамайтын шешімді қабылдауға мәжбүр болады. «Жұрттың бәрі осылай жасап жатыр. Сен ғана басқаша болма. Көппен көрген – ұлы той.» Бұл сөйлем адамның өз таңдауын жасауына, көңіліне жақпаған нәрсеге «жоқ» деуіне, өзгеше пікір айтуына, жеке шекарасын қорғауына кедергі келтіруі мүмкін.

8-жағдай қоғамдық мәселеге келгенде көрініс табады. Кейде қоғамда бір мәселе туындағанын бәрі біледі, бірақ ешкім шешімін іздемейді, бірінші болып әрекет еткісі келмейді. «Біреу бастамаса, мен не істеймін? Жалғыз маған керек пе? Бәрі қарап, біліп отыр ғой. «Көппен көрген – ұлы той», басқа түскенін ел-жұртпен бірге көрерміз». Осылайша әр адам жауапкершілікті өзге адамға ысырады. Соңында мәселе шешілмей қалады.


Көпшілік қателеспей ме?

Бұл жерде бір маңызды сұрақ туындайды: «Көпшілік әрдайым дұрыс жолды көрсете ме?»

Әрине, жоқ. Кейде адам өз шешімінің дұрыстығын тек айналасындағылардың әрекетіне қарап бағалайды. «Бәрі осылай жасап жатыр» деген сөз біртіндеп жеке пікірді өшіреді.

Әлеуметтік желіде де осындай құбылыс жиі кездеседі. Бір пікірдің астында мыңдаған адам қолдау білдірсе, біз оның рас-өтірігін тексерместен сол пікірге қосылып кетуіміз мүмкін. «Бәрі солай айтып жатыр» деген аргумент кейде «демек, бұл дұрыс» деген түсінікпен теңестіріледі.


Мұны психологияда «конформизм, яғни адамның топтың пікіріне немесе әрекетіне өз көзқарасынан гөрі көбірек сүйенуі деп түсіндіруге болады. Конформизмнің өзі әрдайым жаман құбылыс емес. Қоғамда ортақ ережеге бағыну, өзгелермен санасу қажет. Бірақ адам өз пікірін толық жоғалтып, дұрыс-бұрысын тек көпшіліктің шешімімен өлшей бастағанда мәселе туындайды.


Көпшілік қателесіп жатса, олармен бірге құрдымға кету – «ұлы той» емес. Сондықтан көппен бірге болу мен көпке көзсіз ерудің арасындағы шекараны ажырата білу маңызды.


Мақалдың мәні

«Бәрі солай жасаса, сен де қалма. Бәрі бір нәрсеге келіскен болса, сен де бас шұлғи сал. Көптен бөлінбе. Өз көзқарасың өзгелерден ерек болса, үндеме...»

Біз мұндай сөздерді өмірде талай естідік. Кейде тіпті оның астарында қандай ой жатқанын сараламай-ақ, қалыпты нәрсе ретінде қабылдаймыз. «Елдің бәрі осылай істеп жатыр», «Жұрт не дейді?» деген ұстанымдар бірқатар шешімімізге әсер етеді. «Көппен көрген – ұлы той» деген мақалдың шын мәні осы ма?

Бір қарағанда, бұл мақал көпшілікпен бірге болуды, жұрттан бөлінбеуді дәріптейтіндей көрінеді. Алайда астарына үңілсек, оның мәні адамның жеке пікірінен бас тартуына емес, қиындық пен қуанышты елмен бірге бөлісуіне жақынырақ. Яғни мұндағы «көп» – көзсіз еруге шақыратын тобыр емес, қажет кезде қолдау көрсететін қауым.


«Көппен көрген – ұлы той» деп қиындықты бірге көтеруге шақыруға болады. Бірақ осы мақалмен әрекетсіздікті, жауапсыздықты немесе көпшілікке көзсіз еруді ақтау – оның мағынасын бұрмалау. Көппен бірге болу – көптің әр ісін қайталау емес. Біреуге қолдау керек кезде қасында болу – бірлік. Ал көпшілік қателесіп тұрғанда, тек «бәрі солай істеп жатыр» деп үнсіз қалу – бірлік емес, жауапкершіліктен қашу.



«Көппен көрген – ұлы той» нені білдіреді?

Қазақ мақал-мәтелдері – халықтың ғасырлар бойғы тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы мен әлеуметтік тәжірибесінен туған сөз қазынасы. Сондықтан олардың мағынасын бір ғана сөйлемге сыйғызып, тура мағынада қабылдау кейде жаңсақ түсінікке әкелуі мүмкін.


Maqal.kz сайтында «Көппен көрген – ұлы той» мақалының негізгі мағынасы қиындықты да, қуанышты да жалғыз көтергеннен гөрі, оны көпшілікпен бірге бөлісудің жеңілірек екенін білдіретіні ретінде түсіндіріледі. Мұндағы «көп» – халықты, қауымды, айналадағы адамдарды білдірсе, «ұлы той» – ортақ қуаныш пен жұртшылықтың демеуін бейнелейтін көркем теңеу. Демек, мақалдың өзегінде жалғыз қалмау, елмен бірге болу, ортақ істі бірге атқару, бір-біріне сүйену идеясы жатыр.


«Дала фольклорының антологиясындағы» «Ғибратты фольклор. Шағын жанрлар» жинағында бұл мақал «Көптен бақыт құтылмас», «Көптің күші көлдей», «Көпшілік жүрген жер – береке» секілді көпшілік пен қауымның маңызын білдіретін мақалдармен қатар берілген. Бұл оның бастапқы семантикалық өрісінде «көп» ұғымының әлеуметтік қолдау, қауымдық күш, бірлік түсініктерімен сабақтас болғанын аңғартады.


Қазақтың дәстүрлі қоғамында адамның жеке басынан гөрі қауымдастықтың маңызы зор болған кезеңдер аз емес. Бір үйдің шаруасы бір ауылдың шаруасына айналып кететін жағдайлар да болған. Біреудің үйін салуға жұрт болып көмектесу, қиындыққа тап болған адамға қолдау көрсету, қуанышта бірге болу – осының бәрі «көп» ұғымының әлеуметтік мәнін көрсетеді.

Сондықтан «Көппен көрген – ұлы той» дегенді «көп не істесе, соны істе» деп түсіндіргеннен гөрі, «қиындықта жалғыз қалма, елмен бірге бол» деген мағынада қабылдау әлдеқайда қисынды.


Көппен бірге болу – көпке соқыр еру емес

Қазақ қоғамындағы дәстүрлерге қарасақ, «көп» ұғымының мәні әлдеқайда терең екенін байқауға болады. Мысалы, асар – соның бір айқын мысалы. Бір адамның жалғыз өзі атқара алмайтын жұмысын ағайын-туыс, көрші-қолаң болып бірігіп орындаған. Мұнда ешкім «бәрі істеп жатыр, мен де істей салайын» деген оймен ғана келмейді. Негізгі мақсат – бір адамның ауыр жұмысын көп болып жеңілдету.

Жылу жинау дәстүрінде де осы идея байқалады. Қиындыққа тап болған адамға ел болып қолдау көрсету – қазақ қоғамындағы өзара жәрдемнің бір көрінісі.

Біреудің басына іс түскенде жұрт болып қасынан табылу, қайғысын бөлісу, қуанышына ортақтасу – «көп» ұғымының адамды жұтатын емес, адамға сүйеніш болатын күш екенін көрсетеді.

Бірлік – жеке ойдан бас тарту емес. Нағыз бірлік әр адамның өз пікірін сақтай отырып, ортақ мақсат үшін бірігуінен басталады. Бір үйдің қабырғасын бірге көтеру – бір нәрсе. Ал бір адамның пікірін бәріне міндеттеу – мүлде басқа нәрсе.


Ата-баба сөзіне өзіміз қандай мағына беріп жүрміз?

Қазақ мақал-мәтелдерінің ерекшелігі – аз сөзге көп мағына сыйғызуында. Сондықтан оларды бір сөйлемдік дайын нұсқаулық ретінде қабылдау дұрыс емес.


  • Мәселен, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөзді көбіне бала тәрбиесіне қатысты айтамыз. Оның астарында үлкендердің іс-әрекеті кейінгі ұрпаққа әсер ететіні туралы ой жатыр.

  • «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» – шешім қабылдамас бұрын асықпай ойлануға шақырады. Бұл жерде адамның өз шешіміне жауапкершілікпен қарауы маңызды екені айтылады.

  • «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген сөз жас адамның пікірін жоққа шығармауға, ақылдың жаспен өлшенбейтінін мойындауға мүмкіндік береді.

Осы мысалдарға қарасақ, халық нақылдарының бәрі адамды бір қалыпқа салуға шақырмайды. Керісінше, олардың арасында ойлануға, байқауға, тәжірибеден сабақ алуға, ақылға жүгінуге шақыратын сөздер көп. Сондықтан бүгін біз белгілі бір мақалдың мағынасын бір ғана түсінікпен қабылдап жүрсек, оның тарихи және әлеуметтік контекстіне қайта үңіліп көрген жөн. Бәлкім, біз мақалдың өзін емес, оның өзімізге ыңғайлы түсіндірмесін ғана қайталап жүрген шығармыз?

Дайындаған: Ханбибі ОРАЛ,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

«АЙНАЛАЙЫН КЕЛІН, ҰРСА – ҚҰЛАМА, ТЕПСЕ – ЖЫЛАМА!»: тойда айтылып жүрген ерсі тілектер

ШЫНАЙЫ оқиғаға негізделген ЕҢ АУЫР кәріс фильмдері

20, 30, 40 ЖАСТАҒЫ ЛИБИДО: Әйелдің сексуалдылығы жасына қарай қалай өзгереді?