​«АЙНАЛАЙЫН КЕЛІН, ҰРСА – ҚҰЛАМА, ТЕПСЕ – ЖЫЛАМА!»: тойда айтылып жүрген ерсі тілектер

0
2 126

Жеке өмірі, бала санына қатысты тілек айту – әдепке жат


​«АЙНАЛАЙЫН КЕЛІН, ҰРСА – ҚҰЛАМА, ТЕПСЕ – ЖЫЛАМА!»: тойда айтылып жүрген ерсі тілектер

Сурет: ЖИ


Әлеуметтік желіде тізбекпен тіркескен кезекті бір видео көз алдыма келе қалды. Қазақтың құдалық тойынан екен.

Бөгде елдің бойжеткеніне сырға тағу жауапкершілігі артылған жеңге осы сәтті құр жібермейін деген сыңайлы. Қос қолы қыздың құлағында. Қарап тұрмай, болашақ келініне бірер ауыз өсиетін айтып қалмаққа тырысты. Сөзінің арасында үйленіп жатқан қайнысының 40 қыздың арманы болғанын атап өтті.

Шымшыма сөз шымбайына батқан болу керек, кадрдан тыс әйелдің даусы естіледі. «Біздің қызымызға да жаяу адам жатып, атты адам атынан түсіп қараған» деп заматында орынды жауабын беріп, отырғандарды күлкіге қарық қылды.

Аз-көп демейік, қазақтың той-жиынында мұндай әбес қылық та, оғаш сөз де орын алып қалатыны жасырын емес. «Ауруын жасырған – өледі» деген аталар өсиетін бетке ұстап, осындай орынсыз айтылған сөздерді ашық атауды сұрап сауалнама жүргізген едік. Ондағы ниет – ашып айтылса, қайталайтындар саны азаяр деген ой.

Қойылған сауал:

«Сіз болған той-думандарда өзіңіз естіген осындай орынсыз мақтау не ыңғайсыз тілек қандай болды?»

Жұртшылықтың жарыса жазған пікірлері арасынан теріп алғандарымыз төмендегідей.


Асылай:

-Бір жиында «Жер асыңнан жемес асың көп болсын» деген тілекті естіп, кәдімгідей ойланып қалғанмын. Мағынасы қандай екен, мұнымен не айтқысы келді деп екі-үш миымнан шықпай қойды. Кейін ғаламтордан іздесем, қазақта бұрыннан келе жатқан сондай сөз бар екен. Адамның ырысы мен несібесі мол болсын деген тілекті білдіреді деп жазған. Мұндағы тура мағынасы – жейтін асыңның жерге түсіп, ысырап болмауы. Астарлы мағынасы – қолдағы бардың қадірін біліп, берекелі өмір сүр; табысың, ырысың, азығың артсын деген ақ ниет. Бұл мақал адамды ысырапшыл болмауға, барды бағалауға және несібенің көбейгенін тілеуге үндейді екен.


Әмина:

-Тойларда «Үй ішінен үй тігіп жатырсыңдар» деген сөзді жиі естимін. Бірақ оның мағынасы мүлде басқа екенін көп адам біле бермейтін сияқты. «Үй ішінен үй тігу» бір үйде отырып бөлектену дегенді білдіреді. Бұрын әжелеріміз «Үй ішінен үй тікпей отырыңдар» деп ұрсатын. Аталардан қалған «Үй ішінен үй тіксең, есігің жабылмас, үй ішінен үй бөліп шығарсаң, елің жоғалмас» деген аталы сөз де бар. Яғни бұл тіркестің астарында жақсы мағына емес, керісінше бөліну, іріткі салу сияқты түсінік жатыр. Сондықтан жастардың шаңырақ көтеруіне «үй ішінен отау тігіп жатырсыңдар» деп тілек айтқанды орынсыз деп санаймын. Тойда айтылған әр сөздің мағынасына мән берген дұрыс қой.


Дина:

-Біздің үйлену тойымызда жасы жетпістен асқан бір ата «Еңкейгенде егіз тап, тоңқайғанда тоғыз тап, секіргенде сегіз тап» деп тілек айтты. Ол кісі жаман ниетпен айтпаған шығар деп қабылдауға тырыстым. Бірақ сол сәтте өзім үшін өте ыңғайсыз болды, отырған қонақтардың көбі сөйткен шығар деп ойлаймын. Үлкен кісі болған соң ешкім елемегендей сыңай танытты.


Серік:

-Құдалықта екі жақтың әрқайсы өз баласын жарыса мақтап жатса, күлкім келеді. Бір-бірінен асып түсуге тырысатын сияқты, кейде тіпті артық кетеді. Мысалы, «Біздің ұлымыздың таңдауы көп еді, дегенмен сіздің қызыңызды таңдапты. Енді екі жас бақытты болсын! Ұлдың үміті ақталсын» дегенді естігенмін. Екінші жақ та қарап қалмай: «Қызымызды алтындап баптадық, қызымның несібесі туғаннан мол. Ұстағанның бәрі алтын болатын. Сендердің балаларыңның бағы бар екен, ұлдарыңды байытар осы біздің қыз болады» деп жауап берді. Әрине, ата-ана баласын жақсы көреді, мақтан тұтады. Бірақ екі жастың қуанышын «Қай жақ басым?» деген жарысқа, бәсекеге айналдырмаған дұрыс сияқты.


Роза:

-Бір тойда келінге «Айналайын келін, ұрса – құлама, тепсе – жылама!» деген тілек естігенмін. Тілектің астарында «қандай жағдай болса да шыда» деген түсінік жатқан сияқты. Бірақ жаңа түскен келінге ең бірінші айтылатын сөз зорлық-зомбылыққа шыдауды емес, сыйластық пен бақытты отбасын тілеу болғаны дұрыс қой. «Ұрса», «тепсе» деген сөздердің өзі тойдың көңіл-күйіне мүлде үйлеспейді.


Жанерке:

-Тойда бір апаның «Осы келін бәріміз керіліп жатып жұмсайтын келін болсын» дегенін естіп, қатты кринж ұстағаным бар. Ол аздай «Қызметте құлдай болсын» дегенді де естідім. Әсіресе оны үлкен кісі жас келіннің, құдалардың алдында еш қысылмай айтып тұрғаны таңғалдырды. Келінді жаңа отбасының мүшесі, өз алдына жеке тұлға ретінде қабылдаудың орнына, үйдің барлық шаруасын істейтін адам ретінде көрсету дұрыс емес деп ойлаймын. Келінге «қызмет етсін» деп емес, «осы әулетте сыйлы, бақытты болсын» деп тілек айтсақ әлдеқайда әдемі.


Марал:

-Келінге «Жаман жерге келген жоқсың» деген сөз көп айтылады. Әр той, құдалыққа барған сайын бір емес, бірнеше кісі айтып қалады. Бір қарағанда жақсы сөз сияқты. Бірақ мен үшін біртүрлі естіледі. Тап бір келіннің маңдайында «Келген жерім жаман емес па?» деген сұрақ жазылып тұратындай.


Жұлдыз:

-Өз тойымда «Қыз бақытты боламын деп емес, барған жерін бақытты қыламын деп бару керек. Сол үйдің отымен кіріп, күлімен шық. Баламның қолын ұстауды қанша қыз армандаған, саған бұйырыпты. Балға-шегесін түгендеп жүр. Бес бала ту» деген сияқты тілектерді естігенмін. Бұрын мұндай сөздер қалыпты саналып, құлаққа сіңіп, ауыз үйреніп кеткен ғой. Бірақ қазіргі кезде жас келінге осынша міндетті бірден артып қою орынсыз деп ойлаймын. Қыз да бақытты болуға, өзін табуға, өз таңдауымен өмір сүруге құқылы. Ал бала саны — әр отбасының жеке шешімі. «Бес бала ту» деп көпшіліктің алдында міндет қоюдың қажеті жоқ.


Мақсат:

-Ұзату тойда қазақша нашар сөйлейтін бір әйел кісі ұзатылып жатқан қызға тілек айтып тұрып, соңында: «Бүгін Мөлдірді ақтық сапарға шығарып салып жатырмыз» деді. Сол сөзден кейін үш жүз адам бір сәтте есін жиды ғой. Бәрі үнсіз қалды. Әрине, ол кісінің «қыздың бір үйден екінші үйге кетуі» деген мағынаны жеткізгісі келгенін түсіндік. Бірақ «ақтық сапар» деген тіркес қазақ тілінде мүлде басқа, қайғылы мағынаны білдіреді. Сондықтан тойда сөз сөйлегенде қолданатын сөзіміздің мағынасын біліп алған дұрыс екен. Осындайда «Жақсы сөз айт, жақсы сөз айта алмасаң, үндеме» дейтін ұстанымды да ойға алып қою керек екен.


Аруназ:

-«Қызымды ұясынан ақыретіне алып келдім. Қызым, енең саған аманат» деген сөзді қыздың әкесінен естігенде, жаңа өмірдің қуанышынан гөрі жауапкершіліктің салмағы көбірек сезілгендей болды. Сол той боларда жігіттің анасының денсаулығы нашарлап жүрген еді. Мүмкін, әкесі үшін бұл сөздің астарында үлкен сенім, аманат жатқан шығар. Даналық та шығар. Бірақ жас келінге сол сәтте «Енді сен мына адамның денсаулығына, жағдайына жауаптысың» дегендей ауыр міндет артылғаны сезілді. Тойда айтылған сөздің өзі жас жұбайларға үміт пен қуаныш сыйласа жақсы болар еді.


Саттархан:

-Көптің көзінше «Осырақ шалың аман болсын» деп айта салу – мен үшін ең жеккөрінішті тілектердің бірі. «Шалың» деген сөздің өзі біртүрлі дөрекі естіледі, әсіресе жас келінге немесе жас отбасыға айтылғанда. Оның үстіне адамның жұбайының өміріне қатысты осындай сөзді көпшіліктің алдында әзілге айналдырудың қажеті жоқ. «Жарыңмен бірге ұзақ ғұмыр кешіңдер, бір-біріңе сүйеу болыңдар» деп айту әлдеқайда жарасымды емес пе?


Жазира:

-«Енді үйленейін деп жүрген жігіттер болса, сендерге айтар ақылым – қатын аларда қан тобына қарап алыңдар» деген тілек пе, тост па, білмеймін, сондай сөз естігенмін. Сол кезде өзім де аң-таң болып қалдым. Бір жағынан әзіл ретінде айтылған шығар, бірақ маған тым оғаш көрінді. Тойда әзіл айтамыз деп кейде мағынасы жоқ, тіпті орынсыз сөздерді айтып жібереміз. Жас отбасына ең керегі – денсаулық, сыйластық, түсіністік пен махаббат туралы жақсы тілек қой.


Мөлдір:

-Үп-үлкен, өмір көрген кейбір адамдардың тілек айта алмайтынына қынжыламын. Бірде төрт қызы бар ерлі-зайыптыға бір адам «Ниче, соңы қоюланар» деп тілек айтты. Ең таңғалдырғаны – бұл сөзді көпшіліктің алдында да, тіпті жеке жерде де айтуға болмайтынын білмеуі. Керісінше, өз сөзіне өзі мәз болып, дарақылана күлді. Адамның бала саны, отбасы, жеке өмірі туралы осылай қалжыңдау өте ыңғайсыз. Әсіресе көпшілік алдында айтылған сөз адамның көңіліне тиіп кетуі мүмкін. Үлкен адам болған соң, керісінше, жастарға сөздің салмағын түсіндіріп, жақсы үлгі көрсетсе екен дейсің.


Жәнібек:

-Естігенімді емес, өз тілегімді айтайын. Жүрген жерімде «Өртің көп болсын!» десем, көп адам түсінбей, дұрыс қабылдамай жатады. «Өртену» мағынасында түсінеді, сондықтан тіксініп қалып жатады. Сосын мағынасын айтып беремін. Сол тілекті айтпай-ақ қояйын десем, бұл сөз – ата-бабадан келе жатқан игі бата ғой. Басқалар дұрыс түсінбейді деп ешкім айтпай кете берсе, жойылып кетпей ме?!

Қазақы ұғымда «өрт» кей жағдайда ошақтағы от, үйдің түтіні, шаңырақтың оты деген мағыналық реңкте қолданылған. Сондықтан «Өртің көп болсын» деген тілек – «Ошағыңның оты өшпесін, шаңырағыңда тіршілік, бала-шаға, береке көп болсын» деген ізгі ниетке жақын. Бұл жерде өрт – отбасының оты, ошақтың қызуы, ұрпақтың жалғастығы деген символдық мәнде түсіндіріледі. Қазақ тіліндегі «от басы, ошақ қасы», «ошағыңның оты өшпесін», «оттарың өшпесін» сияқты тіркестер де осы ұғыммен сабақтас. Дәстүрлі мағынада бұл – шаңырақтың оты өшпеуін, ұрпағының көп болуын тілейтін сөз.


Тойдағы әрбір тілек – жай сөз емес, бағытталған ақ ниет, бата. Сондықтан оның мағынасына мән беріп, әзіл мен ақ тілектің аражігін ажырата білген жөн. Кейде жақсы ниетпен айтылған сөздің өзі тыңдаушыға ауыр тиіп, ыңғайсыз жағдайға қалдыруы мүмкін. Әсіресе адамның жеке өмірі, бала саны, отбасы ішіндегі қарым-қатынасы немесе денсаулығына қатысты көпшілік алдында айту – әдепке жат.

Қазақта «Жақсы сөз — жарым ырыс» дейді. Ендеше тойда жүрекке жылы тиетін, қуанышты еселейтін бата мен ізгі тілек айтқан әлдеқайда жарасымды. Өйткені айтылған сөз ұмытылғанымен, оның адам көңілінде қалдырған әсері ұзақ сақталуы мүмкін.

Жинақтаған: Ханбибі ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ЖАСАНДЫ КӨЗМОНШАҚ көз бен сұқтан САҚТАЙ ма?
ІШІМДІКТІҢ буына масайған ЖҰЛДЫЗДАР өзін қалай ұстайды?

ГЕЛЬДІ МАНИКЮРдан кейін ТЫРНАҚты қалпына келтіретін 10 әдіс