Әлі де бес адам хабар-ошарсыз жоғалғандар қатарында.
Фото: VnExpress
ERNUR.KZ. 19 шілде Вьетнамның солтүстігіндегі Оңтүстік Қытай теңізіндегі Халонг шығанағында туристер мінген круиз апатқа ұшырады. Салдарынан қаза тапқандардың саны 38 адамға жетті, деп жазады Stan.kz.
Әлі де бес адам хабар-ошарсыз жоғалғандар қатарында.
Вьетнам ақпарат агенттігінің мәліметінше, 10 адам құтқарылған. Кеме апаты болған жерде іздестіру-құтқару жұмыстары түн бойы қатты жел мен жауынға қарамастан жүргізілген. Құтқару жұмыстарына 1000 адам, соның ішінде 30 сүңгуір қатысқан. Суға батқан кеме жағаға сүйреліп жеткізілген.
Кеме апаты болған жерде Халонг круиздік кемелер қауымдастығы төрағасының орынбасары Буй Конг Хоан 14 жастағы баланың төрт сағат бойы су астындағы бөлімде қалып, аман қалғанын айтты.
"Кеме аударылып, каюта есіктері жабық болғанымен, ішінде 50-60 см көлеміндегі ауа қалтасы болған. Сол арқылы оттегі жетіп тұрды, сондықтан бала тірі қалды", – деді ол. Кейін құтқарушылар терезені сындырып, баланы құтқару қайығына шығарған.
Ресми мәлімет бойынша, QN-7105 борт нөмірлі круиздік кемеде 53 адам болған. Оның ішінде 48 турист пен 5 экипаж мүшесі. Олардың барлығы – Вьетнам азаматтары. Халонг шығанағы қарайтын Куангнинь провинциясының порттық билігінің хабарлауынша, суға батқан кеменің жолаушылары отбасымен Ханойдан келген туристер.
Кеме кенеттен соққан дауыл мен қатты жел салдарынан аударылып, суға тез батқан.