Трамп ЖИ-ге ресми түрде жаңа атау берді, енді ол - “суперинтеллект“

0
168

Президенттің ғылым және технологиялар жөніндегі көмекшісіне "суперинтеллект" (SI) терминінің ресми анықтамасын дайындау тапсырылды.


Трамп ЖИ-ге ресми түрде жаңа атау берді, енді ол - “суперинтеллект“

Фото: x.com/whitehouse

ERNUR.KZ. АҚШ президенті Дональд Трамп федералдық атқарушы билік органдарында "жасанды интеллект" (AI) терминін "суперинтеллект" (SI) деп өзгерту туралы жарлыққа қол қойды, деп жазады tengrinews.kz.

Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз қызметі хабарлады.

"Жарлық барлық атқарушы билік ведомстволары мен агенттіктеріне ресми хат-хабарларда, қоғамдық коммуникацияларда, бағдарламалық құжаттарда және заң күші жоқ құжаттарда "суперинтеллект" пен SI терминдерін қолдануды, сондай-ақ бұдан былай "жасанды интеллект" және AI терминдерін пайдаланбауды міндеттейді", - делінген хабарламада.

Президенттің ғылым және технологиялар жөніндегі көмекшісіне "суперинтеллект" (SI) терминінің ресми анықтамасын дайындау тапсырылды. Сондай-ақ ол бұл терминді федералдық ведомстволардың жұмысына енгізу үшін қандай қосымша шаралар қажет екенін айқындауы тиіс.

Ақ үй АҚШ-тың жасанды интеллект отаны екенін және 70 жылдан астам уақыт бойы оны әзірлеу мен енгізуде әлемде көш бастап, осы технологиялық саланы дамытуды жалғастырып келе жатқанын атап өтті.

"Суперинтеллект" атауы бүгінгі таңда әзірленіп жатқан технологиялардың шынайы мүмкіндіктерін көрсетеді. Бұл "жасанды интеллект" термині меңзейтіндей адам интеллектін жай ғана имитациялау немесе автоматтандыру емес, адам шығармашылығының жаңа формаларын ашып, америкалықтарға бұрын мүмкін болмаған белестерді бағындыруға жол ашады", - деп көрсетілген хабарламада.

Ақ үйдің пайымдауынша, "суперинтеллект" терминін қолдану ведомстволар мен агенттіктерге осы технологиялардың мүмкіндіктері мен қолдану аясын кеңейтуге, экономиканы нығайтуға және америкалықтардың өмірін жақсартуға назар аударуға мүмкіндік береді.