​Танымал курорттағы қорық қызметкерін жолбарыс өлтірді

0
136

Оқиға Huai Kha Khaeng Wildlife Sanctuary қорығында болған.


​Танымал курорттағы қорық қызметкерін жолбарыс өлтірді

фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. Таиландтың ең ірі қорықтарының бірінде жабайы жолбарыс шабуылынан қорықшы қаза тапты. Қайғылы оқиғадан кейін аумақ туристер үшін жабылып, бірнеше күннен кейін мамандар оқиғаға кінәлі деп танылған жыртқышты тапты, деп жазады tengrinews.kz.

Оқиға Huai Kha Khaeng Wildlife Sanctuary қорығында болған.

5 тамызда 48 жастағы қорықшы Сакарин Вичаджан жастар лагерінің таңғы жиынына келмеген. Әріптестері оның қарауыл бекетінен шамамен 200 метр жерде орналасқан үйіне іздеп барған.
Үй ішінде ешкім болмаған. Оқиға орнынан ер адамның ұялы телефоны мен жеке заттары, сондай-ақ зақымдалған москит торы табылды. Үйдің маңынан ірі жыртқыш жемтігін сүйреген кезде қалатын іздер байқалған.
Көп ұзамай іздеу тобы ер адамның денесін үйінен шамамен 200 метр жердегі орман жылғасынан тапты.
Жергілікті биліктің мәліметінше, марқұмның денесінде тіс пен тырнақ іздері болған, ал оның жанында ірі жолбарыстың жаңа табан іздері сақталған.
Таиландтың Ұлттық саябақтар департаментінің басшысы Аттафон Чароенчанса шабуылды жабайы жолбарыс жасағанына еш күмәні жоқ екенін мәлімдеді. Аталған қорық елдегі осы аңдардың ең көп популяциясы мекендейтін жер ретінде белгілі. Оқиға орнында полиция қызметкерлері де жұмыс істеген.
Шабуыл жасаған жолбарыс туралы не белгілі?
Ұлттық саябақтар департаменті мұндай жағдай өте сирек кездесетінін атап өтті. Қалыпты жағдайда жабайы жолбарыстар адамдардан қашады және қызметкерлер тұрақты болатын жерлерге сирек жақындайды.
Мамандар шабуылға аштық себеп болды деген нұсқаны да жоққа шығарды. Олардың айтуынша, қорықта жыртқыштар үшін табиғи қорек жеткілікті.
PPTV HD 36 мәліметінше, бірнеше күннен кейін Ұлттық саябақтар департаментінің қызметкерлері мен зерттеушілер қорықшының өліміне қатысы бар деп есептелетін жолбарысты тапқан.

Ведомствоның ақпаратынша, бұл Апинья есімді жолбарыстың есейіп қалған үш күшігінің бірі. Дәл осы отбасы қайғылы оқиға болған аумақта аң аулайды.

Іздеу жұмыстары кезінде қорық келушілер үшін толығымен жабылды. Аумақтың бұл бөлігіндегі туристік және шаруашылық қызмет уақытша тоқтатылды.