Солтүстік Кореяда бұрын-соңды болмаған заманауи курорт ашылды

0
140

Демалыс орны жергілікті тұрғындар үшін 1 шілдеде ашылады.


Солтүстік Кореяда бұрын-соңды болмаған заманауи курорт ашылды

Фото: Lenta.ru

ERNUR.KZ. Солтүстік Кореяда "Вонсан-Кальма" курортының құрылысы аяқталды, деп жазады inbusiness.kz.

Жобаға КХДР басшысы Ким Чен Ынның өзі бастамашылық білдірген. Пхеньян демалыс орнын "әлемдік деңгейдегі мәдени курорт" ретінде таныстырып отыр.

Орталық телеграф мемлекеттік агенттігінің хабарлауынша, келешекте демалыс орнына шетелдіктер, соның ішінде бірінші кезекте ресейліктер келуі мүмкін. Соңғы жылдары Ресей азаматтары үшін Солтүстік Корея жаңа туристік бағыт ретінде ақырындап танымалдыққа ие болып келе жатыр.

"Вонсан-Кальма" курорты елдің шығыс жағалауында, Вонсан қаласындағы Кальма түбегінде орналасқан. Салтанатты ашылу рәсімі 24 маусымда өткенімен, жергілікті тұрғындар үшін 1 шілдеде ашылмақ. Ал шетелдіктер үшін қай уақытта ашылатыны әзір белгісіз.

Демалыс орны ұзындығы 4 шақырым болатын жағажайдың бойында орналасқан. Курорт 20 000-ға дейін қонақ қабылдай алады. Мұнда теңізге шомылуға арналған нысандар, түрлі спорттық және ойын-сауық нысандары бар делінген. Аумақта қонақүйлер, мейрамханалар, сауда орталықтары мен аквапарк бар деп те айтылып жатыр. Десек те, бұл мәліметтер әзірге ресми түрде расталмаған.

Сарапшылардың айтуынша, Ким Чен Ын билікке келгелі елдегі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр.