9 қаңтарда Швейцария аза тұтады.
фото: Euronews
ERNUR.KZ. Швейцарияның курортындағы барда болған өрттен қаза тапқандардың бәрінің жеке басы анықталды, деп жазады inbusiness.kz.
"Жаңа жыл түні Кран-Монтанада болған өрттен қаза тапқан тағы 16 адамның жеке басы анықталды. Өрт салдарынан көз жұмған 40 адамның барлығының кім екені белгілі болды", – делінген полиция таратқан ақпаратта.
BBC агенттігінің жазуынша, қаза тапқандардың арасында Швейцария, Италия, Румыния, Түркия, Португалия, Франция, Бельгия, Ұлыбритании және Израильдің азаматтары бар. Марқұмдардың жасы 14 пен 39 жас аралығында болған. Олардың ішінде 15-і кәмелеттік жасқа толмаған.
Өрт салдарынан 119 адам жарақат алды. Олардың басым көпшілігін ауыр күйік шалып, ауруханаларға жеткізілген. Тағы 6 зардап шеккен адамның жеке басы әзірге белгісіз.
Le Constellation атты барды басқарған ерлі-зайыптыға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алдын ала тергеу нәтижесі бойынша өрттің шығуына шампан бөтелкелеріндегі бенгал оттары себеп болуы мүмкін. 9 қаңтарда Швейцарияда аза тұту күні болып жарияланды.
Айта кету керек, бұған дейін Швейцарияда тау шаңғы курортында болған өрттен 40 адам қаза тапқан болатын.


