Швейцария Гүлнара Каримованы сырттай соттамақ

0
107

​Өзбекстанның бұрынғы президентінің қызына қатысты сот процесі басталып кетті.


Швейцария Гүлнара Каримованы сырттай соттамақ

фото: baq.kz.

ERNUR.KZ. Швейцарияда Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтің қызы Гүлнара Каримоваға қатысты сырттай сот процесі басталды. Оған қылмыстық ұйым құрды, пара алды және ақшаны жылыстатты деген айып тағылып отыр. Ал өзі жазасын отанындағы колонияда өтеп жатыр, деп жазады baq.kz.

Швейцарияның Беллинцона қаласындағы федералдық қылмыстық сотта дүйсенбі, 27 сәуір күні марқұм экс-президент Ислам Каримовтің қызы Гүлнара Каримоваға қатысты сырттай сот процесі басталды. DW агенттігінің мәліметінше, сот тыңдауы 22 мамырға дейін жалғасады.

53 жастағы Гүлнара Каримова Швейцария сотына қатыса алмайды, себебі ол жазасын Өзбекстандағы колонияда өтеп жатыр. Оның адвокаттарының бірі Грегуар Манжеа әріптестерімен бірге қорғауындағы азаматшаны "толық әрі сөзсіз ақтап шығуға" күш салатынын айтты.

Тергеу деректері

Швейцария прокуратурасы Каримоваға қарсы айыпты 2023 жылдың күзінде таққан. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол ондаған адам мен көптеген компаниядан құралған "Офис" атты қылмыстық топты құрып, оған жетекшілік еткен. Тергеушілер экс-президенттің қызын Швейцария мен өзге елдерде "қылмыстық жолмен алынған" жүздеген миллион доллар қаражатты орналастырды деп айыптап отыр. Сондай-ақ заңсыз жолмен алынған қолма-қол ақша, зергерлік бұйымдар мен өзге де құндылықтарды сақтауды ұйымдастырғаны айтылған.

Тергеу дерегінше, "Офис" жұмысына Ресейдің телекоммуникациялық компаниясының Өзбекстандағы филиалының бұрынғы бас директоры да қатысқан. Айыптау тарапының мәліметінше, Өзбекстанның телекоммуникация саласына кіргісі келген шетелдік ұйымдар Каримовамен байланысты компанияларға пара беруге мәжбүр болған. Айыптау қорытындысында ұйымның Швейцарияда 2005 жылдан бері жұмыс істегені, ал Каримованың қылмыстық әрекетпен кемінде 2013 жылға дейін айналысқаны көрсетілген.

2024 жылдың қарашасында Швейцария прокуратурасы Lombard Odier жеке банкі мен оның бұрынғы қызметкеріне де айып таққан. Тергеу нұсқасына сай, олар "Офис" қылмыстық құрылымының заңсыз табысын жасыруда "шешуші рөл атқарған".

Ал банктің өзі прокуратура Lombard Odier мекемесі ақшаны саналы түрде немесе әдейі жылыстатумен айналысты деп мәлімдемегенін айтты. Қаржы ұйымының сөзінше, айыптар банк ішіндегі мұндай қылмыстардың алдын алу шараларындағы ықтимал ұйымдастырушылық кемшіліктерге қатысты қойылған. Банк бұл тұжырыммен келіспейтінін және өз ұстанымын сотта қорғайтынын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Өзбекстанның Жоғарғы соты елдің экс-президентінің қызы Гүлнар Каримованың түрмеден босатылғаны туралы әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қатысты пікір білдірген болатын. Жоғарғы соттың баспасөз хатшысы Азиз Абидовтің айтуынша, Каримованың түрмеден босатылғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Ол қамауда отыр.