Ресейде Павел Дуров халықаралық іздеуге жарияланды

0
382

Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, бұған "Дайвинчик/Leo" танысу боты себеп болған.


Ресейде Павел Дуров халықаралық іздеуге жарияланды

Фото: TuckerCarlson / YouTube

ERNUR.KZ. Ресейде Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров терроризмге жәрдемдесу бабымен халықаралық іздеуге жарияланды, деп жазады stan.kz.

Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, бұған "Дайвинчик/Leo" танысу боты себеп болған. Ведомствоның мәлімдеуінше, аталған бот арқылы Украина арнайы қызметтерінің өкілдері ресейлік азаматтарды диверсиялық әрекеттерге тартқан.

Федералдық қауіпсіздік қызметінің хабарлауынша, арнайы қызмет өкілдері алдымен өзін қыз ретінде таныстырып, жас азаматтармен байланыс орнатқан. Кейін әңгімеге өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырған адамдар қосылып, оларды қорқытып, қауіпсіздік тексерісі деген желеумен өрт қою мен шабуыл жасауға итермелеген.

Ведомствоның дерегіне сәйкес, 2025 жылдың шілде айынан бері Ресейдің әртүрлі өңірлерінде жасы 12 мен 22 аралығындағы 46 адам ұсталған. Олар құқық қорғау органдары қызметкерлеріне шабуыл жасауға, инфрақұрылым нысандарын өртеуге және криптовалюта айырбастау сервистері арқылы ақша аударуға қатысты күдікке ілінген. Осы фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалған.

Ресей құқық қорғау органдары Павел Дуровтың халықаралық іздеуге жарияланғанын ресми түрде хабарлады. Алайда жарияланым әзірленген сәтте Павел Дуровтың немесе Telegram компаниясы өкілдерінің бұл айыптауларға қатысты ұстанымы жарияланған жоқ.