“Нағыз табиғи апат“: Түркияның бір қаласы түнде су астында қалды

0
146


“Нағыз табиғи апат“: Түркияның бір қаласы түнде су астында қалды

фото: видеодан скрин

ERNUR.KZ. Түркияның Трабзон қаласында түнде толассыз жауған жаңбыр салдарынан су көтеріліп, бір адам із-түзсіз жоғалды, деп жазады tengrinews.kz.

Салдарынан ондаған үй мен кәсіпорындарды су басқан, жолдарға зақым келген.

"Күшті нөсер шамамен түнгі үш шамасында басталды. Әсіресе Беширли мен Молоз аудандары қатты зардап шекті. Ескі жағалау жолында су жиналып қалды. Бизнес орталықтарын, автотұрақтарды, мектептер мен ауруханаларды су басты. Фатих ауруханасының және стоматологиялық клиниканың жертөле қабаттарын су басты", – делінген хабарламада.

Трабзон губернаторы Азиз Йылдырымның айтуынша, жедел жәрдем желісіне 278 қоңырау түскен, оның 267-сі Ортакхисар ауданынан.

Акчаабат ауданында 72 жастағы ер адамның жоғалуына байланысты іздестіру жұмыстары басталған.

"Бұған дейін зардап шеккендер жоқ деп хабарланған еді, алайда кейінірек Акчаабат Чукурджа ауданында 72 жастағы Хюсеин Айдынның жоғалғаны белгілі болды. Біз оны аман-есен табамыз деп үміттенеміз", – деді губернатор.

Сонымен қатар, билік өкілдері көшкін мен су басқан аумақтағы электр бағаналары мен трансформаторларға байланысты қауіп болуы мүмкін екенін ескертті.

"Апат салдарымен күресуге 460-тан астам төтенше қызмет пен коммуналдық құрылым қызметкерлері жұмылдырылды, 16 автоцистерна, 20 кәріз жуатын техника, 24 арнайы техника және 50 түрлі көлік тартылды", – делінген хабарламада.

Қалалық биліктің мәліметінше, су тасқыны қысқа уақыт ішінде, шектеулі аумақта жауған қарқынды нөсер салдарынан болған.

"Біз нағыз табиғи апатты бастан өткердік", – деді Ортакхисар мэрі Ахмет Кая.

Оның айтуынша, барлығы 44 ауданнан күрделі зардаптар туралы хабар түскен – тұрғын үйлер мен кәсіпорындарды су басқан, тіреу қабырғалар қираған, жолдар жабылған.

Айта кетейік, бұған дейін Түркияның Мугла провинциясында магнитудасы 5,8 болатын жер сілкінісі болды. Зардап шеккендер бар, бір адам қаза тапты.