Қытайда тау опырылып, 34 адам із-түзсіз жоғалды

0
78

Бұл туралы Lianhe Zaobao басылымы хабарлады.


Қытайда тау опырылып, 34 адам із-түзсіз жоғалды

Фото: Lianhe Zaobao

ERNUR.KZ. Қытайдың Чунцин қаласына қарасты Пэншуй уезінде 17 шілде күні таңертең тау беткейі опырылып, тұрғын үйлерді топырақ басып қалды, деп жазады inbusiness.kz.

Мәліметке сәйкес, оқиға жергілікті уақытпен сағат 09:10 шамасында Уцзян өзеніндегі Үшінші көпір маңында болған.

Оған дейін, шамамен сағат 08:00-де жергілікті мамандар тау беткейінен ұсақ тастардың сырғи бастағанын байқап, дабыл қағып, тұрғындарды эвакуациялауға кіріскен. Соның нәтижесінде 60-тан астам адам қауіпсіз жерге көшірілген. Алайда эвакуация жүріп жатқан сәтте тау кенеттен опырылып, бірқатар адам үйінді астында қалған.

Соңғы мәлімет бойынша, құтқарушылар үйінді астынан 18 адамды алып шыққан. Қазіргі уақытта 8 адамның қаза тапқаны белгілі болса, тағы 34 адам із-түзсіз жоғалған. Апат аймағына жақын аумақтан 1100-ден астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді.

Куәгерлердің айтуынша, тау беткейі бір-екі минут ішінде құлап, қатты жарылысқа ұқсас дыбыс естілген. Артынша алып тастар төмен қарай сырғып, жолдарды жауып қалған.

Басылымның мәліметінше, апат болған жерде негізінен керамика мен құрылыс материалдарын сатумен айналысатын кәсіпкерлер тұрған. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда тау жыныстарының жаппай сырғып, үлкен тастардың жолды толық жауып қалғаны көрінеді.

Іздестіру-құтқару жұмыстарына 800-ден астам маман жұмылдырылған. Чунцин қалалық төтенше жағдайлар қызметінің басшысы Вань Пиннің айтуынша, тау беткейі әлі де тұрақсыз болғандықтан, апат орнында тәулік бойы жұмыс істейтін радиолокациялық бақылау жүйесі орнатылған.

Оқиғадан кейін Қытайдың Табиғат апаттарының алдын алу және олардың салдарын жою жөніндегі мемлекеттік комитеті IV деңгейдегі төтенше әрекет ету режимін енгізді.

Ал Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, Қытай төрағасы Си Цзиньпин құтқару жұмыстарын жедел әрі ғылыми негізде ұйымдастыруды, қайталама апаттардың алдын алуды, зардап шеккендерге көмек көрсетуді және оқиғаның себептерін жан-жақты анықтауды тапсырды. Сондай-ақ ол ел бойынша геологиялық қауіпті аймақтарды тексеріп, қауіпсіздік шараларын күшейтуді міндеттеді.