Қытай билігі Мьянмада алаяқтық орталықтарын басқарған белгілі қылмыстық Бай әулетінің төрт мүшесін өлім жазасына кесті.
Фото: Zakon.kz
Тергеу мәліметінше, Бай әулетінің өз қарулы тобы болған. Олар 41 жабық нысан ұйымдастырып, сол жерлерде алаяқтық колл-орталықтар мен казино ашқан. Бұл орындарда адамдарды ұрып-соғу, азаптау жағдайлары болған.
Сот дерегіне сай, қылмыстық әрекеттер салдарынан алты Қытай азаматы қаза тапқан, бір адам өз-өзіне қол жұмсаған. Сонымен қатар ондаған адам жарақат алып, түрлі дене зақымдарын алған.
Өткен аптада Қытай билігі Оңтүстік-Шығыс Азиядағы алаяқтық желілеріне қарсы күрес аясында Мин әулетінің 11 мүшесіне де өлім жазасын орындаған. Мұндай алаяқтық орталықтар бұл аймақта үлкен мәселе болып отыр, олардың құрбандары арасында қытай азаматтары көп.
Бай, Мин және басқа да қылмыстық топтар ұзақ жылдар бойы Мьянманың Лауккай қаласын бақылауда ұстап, онда казино, секс-индустрия орындары және кибералаяқтық орталықтарын басқарған.


