Қырғызстанда қайын атасы келінін зорлап, одан бір бала туған

0
128

Әйел алғаш рет зорлыққа ұшырағанын 2024 жылы үйленгеннен кейін баяндаған.


Қырғызстанда қайын атасы келінін зорлап, одан бір бала туған

Фото: Институт акыйкаты

ERNUR.KZ. Қырғызстан Республикасының омбудсмені Джамиля Джаманбаева 20 жастағы жас әйелмен кездесті. Жәбірленуші әйелді қайын атасы зорлаған, деп жазады stan.kz.

Омбудсменнің мәліметінше, әйел алғаш рет зорлыққа ұшырағанын 2024 жылы үйленгеннен кейін баяндаған. Ер адам оған пышақпен қауіп төндірген.

"Зорлық әрекеттері бір жыл бойы жүйелі түрде қайталанған. Ал күйеуінің анасы (өгей) бұл жағдайға көз жұма қарап, ешқандай шара қолданбаған. Келіні жүкті болып, сәуірдің 11-інде босанған, бірақ ауруханадан шыққаннан кейін 15 күн өтпей, қайын атасы қайтадан зорлық пен қоқан-лоқы арқылы оған шабуыл жасаған. Жәбірленуші бұл туралы күйеуіне тек мамыр айында айтқан. Жігіт болған жағдайды білген соң әкесімен сөзге келген, алайда 51 жастағы И.Э. баласын ұрып-соққан. Бұдан кейін қайын атасы оларды 10 күндік дала жұмыстарына жіберген. Ал жас жұп кейін Ыстықкөл аймағына қашып кеткен. Бірақ бала қайын атасының қолында қалған", – делінген хабарламада.

Ыстықкөлде азаматтардың көмегімен жас жұп Қаракөл қаласының полиция бөліміне өтініш білдірген. Олар кейін Бішкектегі Ленин аудандық ішкі істер бөліміне жіберілген. Зорлық туралы өтінішті олар шілде айының соңында жазған.

Полиция Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің 154-бабы ("Зорлау") бойынша қылмыстық іс қозғаған. Күдікті 16 тамызда ұсталған.

Жас жұптың айтуынша, олар баласын отбасының қолынан алу үшін дағдарыс орталығына жүгінген. Орталық қызметкерлері баланың өте әлсірегенін анықтап, оның жылауға да шамасы келмегенін атап өткен. Бала жедел түрде ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөлімшесіне жатқызылған. Алайда бала көп ұзамай көз жұмған. Бала өлімі бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалған, бірақ қазір нәтижелер әлі алынған жоқ.

Акыйкатшы институтының хабарлауынша, Джамиля Джаманбаева жас жұпқа тегін заңдық, психологиялық және медициналық көмек көрсету үшін тиісті органдарға ресми хат жолдаған.

Акыйкатшы уәкілетті мемлекеттік органдардан зардап шеккен адамның құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, сондай-ақ істі толық әрі объективті тексеруді талап етеді.

Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында 13 жасар қыздың туысқан екі ағасы оны алты жыл бойы зорлап келгенін жазған едік. Сот оларға үкім шығарды. Біреуі 35, екіншісі 37 жаста. Шындық оқушы жүкті болғаннан кейін бір-ақ ашылған. Алайда жүкті кезінде де ол мектепке барып жүрген, алайда ұстаздар оның жағдайын байқамаған. Қыз 13 жасында ана атанды. Ал оны зорлаған екі азамат та 13 жасар қызды зорлағаны үшін колонияға жіберілді. Олар Қылмыстық кодекстің 120-бабының 4-бөлігі "кәмелетке толмаған кішкентай баланы зорлау" бойынша кінәлі деп танылды. Біреуі өмір бойы, екіншісі 20 жылға бас бостандығынан айырылды.