Ғалымдар борпылдақ құм астынан адамдардың ізі сақталған мәдени қабатты анықтаған.
Фото: Кабар
ERNUR.KZ. Бұл ежелгі қаланың шеті Қырғызстандағы Ыстықкөлдің түбінен табылып отыр, деп жазады inbusiness.kz.
Археологтар Атлантидаға ұқсас шаһарды суасты экспедициясы барысында байқаған. Тору-Айгыр маңындағы су басқан аумақты зерттегенде ортағасырлық қоныстың болғанын растады.
– Экспедиция есебінде зерттеушілер Ыстықкөл суының астында қалған кірпіштен салынған ғимараттар мен пеш қалдықтарын сипаттады. Сондай-ақ, керамика сынықтары, жануар сүйектері және металды өңдеуден қалған шлак қалдықтары табылды, – делінген зерттеу деректерінде.
Бұл дерек адамдардың осы аумақта ұзақ уақыт бойы құрылыс салып, қайта жаңғыртып отырғанын, кейіннен бұл жерді су басқанын көрсетсе керек-ті.
Қираған ғимараттардың жанынан, шамамен 5 метр тереңдікте, археологтар XIII-XIV ғасырларға жататын мұсылман қорымын да тапты. Ондағы жерлеу орындары дәстүр бойынша Мекке бағытына қаратылып орналастырылған.
Зерттеушілердің негізгі болжамынша, қала XV ғасырдағы күшті жер сілкінісінің салдарынан су астында қалған.


