Конго ДР-да Эбола вирусынан 5,5 мыңнан астам адам қайтыс болды

0
127

15 мамырда індет жарияланғаннан бері елде 11,2 мыңнан астам адам жұқтырып, 5,5 мыңнан астам адам қайтыс болған.


Конго ДР-да Эбола вирусынан 5,5 мыңнан астам адам қайтыс болды

Фото: Reuters

ERNUR.KZ. Конго Демократиялық Республикасында Эбола безгегінен көз жұмғандар саны 5,5 мыңнан асты. Ауру өршігені жарияланғаннан кейін жарты жыл өтсе де, індетті бақылауға алу мүмкін болмай отыр, деп жазады inform.kz.

Бұл туралы Африка ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (Africa CDC) бас директоры Жан Касея мәлімдеді.
– Бүгінде бұл індеттің әлі де үлкен қауіп төндіріп отырғанымен және бақылауға алынбағанымен бәріміз келісеміз, – деді ол Reuters агенттігіне берген сұхбатында.

Ресми мәлімет бойынша, 15 мамырда індет жарияланғаннан бері елде 11,2 мыңнан астам адам жұқтырып, 5,5 мыңнан астам адам қайтыс болған.

Касеяның айтуынша, ауруды жаңадан жұқтырғандардың 80 пайыздан астамы байланыста болған адамдар тізіміне енгізілмеген. Сонымен қатар өлім-жітімнің 65 пайыздан астамы медициналық мекемелерден тыс жерде тіркеліп отыр.

– Егер біз бұл індетті қазір тоқтатпасақ, ол әлемдегі ең ауқымды Эбола эпидемиясына айналады, – деп ескертті Africa CDC басшысы.

Қазіргі індетке вирустың сирек кездесетін Бундибугио түрі себеп болған. Бұл – бақылау тарихындағы көлемі жағынан екінші ірі өршу. Ең ауқымды Эбола эпидемиясы 2014–2016 жылдары Батыс Африкада болған. Сол кезде 28,6 мыңнан астам адам жұқтырып, 11 мыңнан астамы қайтыс болды.

«Шекарасыз дәрігерлер» ұйымының хабарлауынша, халықаралық көмек көрсетілетініне уәде берілгенімен, індеттен ең көп зардап шеккен аудандарда ресурстар әлі де жеткіліксіз. Негізгі проблемалар қатарында медицина қызметкерлерінің тиісті даярлығының болмауы, жедел жәрдем көліктеріне жанармайдың жетіспеуі және эпидемиологиялық бақылау топтарының жоқтығы бар.

Касеяның сөзінше, Конго үкіметі мен халықаралық донорлар арасындағы үйлестіру жұмыстары да қиындық тудырып отыр. Көмек ретінде жалпы сомасы шамамен 2,9 млрд доллар бөлуге уәде берілген.

– Біз ешкімді айыптап отырған жоқпыз. Бұл – бәріміздің ортақ сәтсіздігіміз, – деп атап өтті ол.

Africa CDC басшысы донорларды уәде етілген қаражаттың шамамен 1,6 млрд долларын бөлуді және шығындардың қайталануына жол бермеу үшін Конго билігімен өзара іс-қимылды жолға қоюды шақырды.

Ол сондай-ақ кейбір медицина қызметкерлерінің бірнеше ай бойы жалақы алмағанын мойындады. Қазір ел билігі төлемдерді есептеу жүйесін цифрландыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.