Елде бензин мен дизель отыны қымбаттады

0
222

Шикі мұнай, әсіресе батыс аймақтарда көбірек қымбаттаған.


Елде бензин мен дизель отыны қымбаттады

ERNUR.KZ. Қазан айында Қазақстан бойынша шикі мұнай мен оны өңдеу өнімдерінің бағасы өсті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, шикі мұнайдың бір тоннасының орташа бағасы 104,5 мың теңгеге жеткен. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 8,6 пайыз жоғары, деп жазады ulysmedia.kz.

Шикі мұнай, әсіресе батыс аймақтарда көбірек қымбаттаған. Мәселен, Маңғыстау облысында бір тонна мұнайдың бағасы 12,8 пайыз өсіп, 120,9 мың теңгеге жеткен. Атырау облысында да айтарлықтай өсім байқалады. Мұнда баға 9 пайыз көтеріліп, тоннасы 99 мың теңге болған.

Мұнай өндіретін басқа өңірлерде де баға өскен. Қызылорда облысында шикі мұнайдың бір тоннасы 119,7 мың теңгеге бағаланып, былтырғы көрсеткіштен 3,2 пайызға артқан. Ақтөбе облысында баға 2 пайызға өсіп, 120,5 мың теңгеге жеткен.

Бензин мен дизель отыны

Алдыңғы айда бензин өндірушілер бағаны орта есеппен 4,4 пайыз көтерген. Соның нәтижесінде бір тонна бензиннің құны 201,1 мың теңге болған.

Дизель отынының бағасы да 3,7 пайыз өсіп, тоннасы 255,5 мың теңгеге жеткен.

Мұнай өнімдерінің басқа түрлері

Негізгі жанармай түрлерінен бөлек, өзге мұнай өнімдері де қымбаттаған. Сұйытылған пропан мен бутанның бағасы 7 пайыз өсіп, тоннасы 75,5 мың теңге болған.

Тұрмыстық пеш отыны барлық санаттың ішінде ең жоғары өсімді көрсеткен. Оның бағасы 16,2 пайыз қымбаттап, тоннасы 221,8 мың теңгеге жеткен.

Жол битумының бағасы 5 пайыз өсіп, 237,4 мың теңге болса, мазут 1,6 пайыз қымбаттап, тоннасы 104,9 мың теңге болды.