Жоба аясында жалпы аумағы 40 гектар жер бөлінген.
Түркістан облысында Қазақстанда баламасы жоқ «Малшылар ауылы» жобасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында мал шаруашылығын дамыту, шағын шаруашылықтарды қолдау және ет өндірісінің көлемін арттыру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылдық округінде салынып жатқан заманауи мал бордақылау кешені. Қазақстанда теңдесі жоқ бұл жоба шағын мал өсірушілерді бір орталыққа біріктіріп, олардың өнім өндіруден бастап, етті өңдеу мен өткізуге дейінгі жұмысын жүйелеуге бағытталған. Аталған жоба облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырысымен жүзеге асырылып жатыр.
Жоба аясында жалпы аумағы 40 гектар жер бөлінген. Кешен 25 мың басқа дейін мал бордақылауға есептелген. Мұнда 74 шаруа қожалығына 50 соттықтан жер телімі берілген. Қазіргі таңда 39 қораның құрылысы жүргізілуде. Жоба толық іске қосылғанда жылына 25 мың бас мал бордақыланып, 5 мың тонна ет өндіру жоспарланған.
Кешенде мал шаруашылығына қажетті барлық инфрақұрылым қарастырылған. Атап айтқанда, сағатына 120 басқа дейін қызмет көрсетуге арналған орталықтандырылған мал сою желісі, сыйымдылығы 1000 текше метр тоңазытқыш қоймасы, ветеринариялық-санитариялық зертхана жұмыс істейді. Сонымен қатар ветеринар дәрігер, бухгалтерлік қызмет және кешенге келушілерге арналған қонақ үй болады.
Жобаның тағы бір ерекшелігі – өндіріс қалдықтарын кәдеге жарату жүйесінің жолға қойылуы. Сойылған малдың қаны, сүйегі мен ішкі ағзалары арнайы цехта қайта өңделіп, балық шаруашылығына арналған құнарлы жем әзірленеді. Дайын өнім балық өсіру кешендеріне өткізіледі. Бұл өндіріс қалдықтарын тиімді пайдалануға және қосымша өнім өндіруге мүмкіндік береді.
Кешеннің аумағында малшыларға арналған жалпы ауданы 4 мың шаршы метр болатын 74 типтік тұрғын үй салу көзделген. Бұдан бөлек, мұнда еңбек ететін азаматтардың әлеуметтік жағдайына да басымдық берілген. Атап айтқанда, малшылардың балаларын мектепке тасымалдау ұйымдастырылады.
Аталған бастама шағын шаруалардың өндірістік мүмкіндіктерін арттырып қана қоймай, мал шаруашылығын кооперациялау, тұрақты жұмыс орындарын құру және ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді. Сонымен қатар өндірілетін ет көлемінің артуы ішкі нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге және отандық ет өнімдерінің экспорттық әлеуетін кеңейтуге жол ашады.


