Қонақ үйлерге "жұлдыз" беру жүйесі жаңартылады

0
71

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Туризм және спорт министрлігі туристік қызмет сапасын арттыру және заңнаманы жетілдіру бағытында кешенді жұмысты жалғастырып жатыр.


Қонақ үйлерге

ERNUR.KZ. Бұл бағалау рәсімдерінің ашықтығы мен бірізділігін қамтамасыз етеді, деп жазады inbusiness.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Туризм және спорт министрлігі туристік қызмет сапасын арттыру және заңнаманы жетілдіру бағытында кешенді жұмысты жалғастырып жатыр. Ведомство әзірлеген түзетулер пакетіне орналастыру орындарын санаттау жүйесін жаңғырту да енгізілген. Қазіргі уақытта бұл түзетулер Мәжілісте қаралып жатыр.


2008 жылы бекітілген қолданыстағы санат беру ережелері қазіргі заман талаптары мен халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді және жаңғыртуды қажет етеді. Жаңартылған жүйе қызмет сапасын жақсартуға, бағалау рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге және қонақ үй индустриясының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2025 жылғы қыркүйекте Қазақстанда 4 442 орналастыру нысаны тіркелген. Алайда олардың тек 112-сі ғана ресми түрде "жұлдыз" санатына ие. Мұндай төмен көрсеткіш апелляция механизмінің болмауымен, бағалау рәсімдерін жүйелі түрде қайта қарау тәжірибесінің жоқтығымен және талаптардың орындалуына бақылаудың әлсіздігімен байланысты. Сонымен бірге жұлдызды санатты өздігінен иелену тәжірибесі тұтынушыларды жаңылыстырып, салаға деген сенімді төмендетеді.

Жаңартылған санаттау жобасында Hotelstars Union халықаралық қағидаттарына бейімделген нақты бағалау өлшемдері енгізілген. Сондай-ақ Туризм және спорт министрлігінің өкілеттігін кеңейту, инспекторларды оқыту және мамандар даярлау қарастырылған.

Жаңа жүйені енгізу нәтижесінде:

  • Қонақ үй қызметтерінің сапасы артады;
  • келушілердің қанағаттану деңгейі жоғарылайды;
  • Қазақстанның туристік бағыт ретіндегі тартымдылығы күшейеді;
  • орналастыру нысандарының ресми санатқа қатысу үлесі ұлғаяды.

Халықаралық тәжірибе мұндай тәсілдердің тиімділігін көрсетіп отыр. Мәселен, Германия, Аустрия, Греция, Жаңа Зеландия және өзге елдерде орналастыру орындарына санат беру салалық немесе ұлттық туристік ұйымдар арқылы жүргізіледі.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстанда туристік инфрақұрылымды дамыту және қызмет сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Олардың қатарында тау шаңғысы курорттарына арналған техника мен жабдықты сатып алуға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын салуды қолдау, туристік қызмет көрсетуге арналған автокөлік сатып алуды субсидиялау, туроператорлардың шығындарын және әуе билеттерінің құнын субсидиялау, сондай-ақ санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға арналған қаражат қарастырылған.

Бұл қолдау құралдары ішкі туристік ағынның өсуіне, туристік өнімдердің дамуына және көрсетілетін қызмет сапасының артуына ықпал етеді.