Ғарыштан түсірілген Жердің ерекше көрінісі жарияланды (ФОТО)

0
123

Кеме командирі Рид Уайзман бұл фотоларды «Орион» қозғалтқыштарының көмегімен маневр жасап, Жер орбитасынан шығып, Айға қарай бағыт алғаннан кейін түсірген.


Ғарыштан түсірілген Жердің ерекше көрінісі жарияланды (ФОТО)

Фото: NASA

ERNUR.KZ. АҚШ-тың аэроғарыш агенттігі NASA Айға бағыт алған «Орион» кемесінің экипажы түсірген Жердің алғашқы суреттерін жариялады, деп жазады ulysmedia.kz.

NASA НЕ ДЕЙДІ?

Кеме командирі Рид Уайзман бұл фотоларды «Орион» қозғалтқыштарының көмегімен маневр жасап, Жер орбитасынан шығып, Айға қарай бағыт алғаннан кейін түсірген. Жоспар бойынша кеме Айды айналып өтіп, кейін Жерге қайта оралады.

Алғашқы суретте Жер Атлант мұхиты жағынан көрінеді. Кескін әдеттегі карталарға қарағанда «төңкерілген» күйде: Оңтүстік полюс жоғарыда, Солтүстік полюс төменде орналасқан. Суреттің сол жақ төменгі бөлігінде Сахара мен Пиреней түбегі байқалса, оң жақ жоғарғы бөлігінде Оңтүстік Американың шығыс бөлігі көрінеді.

NASA мәліметінше, Жердің «төменгі» оң жағында көрінген жарық нүкте — Шолпан ғаламшары.

Тағы бір фотода Жер «Орион» кемесінің төрт негізгі иллюминаторының бірінен түсірілген. Ал келесі суретте планетаның күндізгі және түнгі бөліктері қатар бейнеленген.

АЙҒА ЖАСАЛҒАН АЛҒАШҚЫ САПАР

Экспедиция маманы Джереми Хансон Хьюстондағы Ұшуды басқару орталығына экипаж мүшелерінің Жер орбитасынан шыққаннан кейін терезеден алыстап бара жатқан Жерге ұзақ қарап, көз алмай отырғанын жеткізген.

«Артемида-2» миссиясының жоспарына сәйкес, «Орион» кемесі адам қатысқан ұшулар тарихында алғаш рет Жерден 400 мың шақырымнан астам қашықтыққа алыстап, Айды айналып өтеді.

Бұл — 1972 жылдан бері адамзаттың Айға жасаған алғашқы сапары. Алайда бұл миссия аясында Айға қону жоспарланбаған, ол келесі экспедицияда, 2028 жылы жүзеге асырылады.