Финляндия жалғызбасты шетелдіктерді тегін саяхатқа шақырады

0
113

2027 жылдың ақпанында ұйымдастырушылар әлемнің түкпір-түкпірінен 16 бойдақ адамды елге шақыруды жоспарлап отыр.


Финляндия жалғызбасты шетелдіктерді тегін саяхатқа шақырады

Фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. Шетелдіктер Финляндияға тегін төрт күндік саяхат ұтып алып, жергілікті мәдениетпен танысуға, ұлттық тағамдардан дәм татуға және жергілікті тұрғындармен бірге ерекше топтық кешкі асқа қатысуға мүмкіндік алды. Бағдарламаға кімдер қатыса алатынын және өтінімді қалай беруге болаты жайлы tengrinews.kz жазды.

Саяхат туралы не белгілі?

Finnish Dinner Date бағдарламасын Финляндияның туризмді ілгерілету жөніндегі Visit Finland агенттігі қолға алған. 2027 жылдың ақпанында ұйымдастырушылар әлемнің түкпір-түкпірінен 16 бойдақ адамды елге шақыруды жоспарлап отыр.

Сапар 9-19 ақпан аралығында өтеді. Қатысушылар екі топқа бөлінеді: бірі Хельсинкиге, екіншісі Финляндияның Көлді өлкесінде орналасқан Тампереге барады. Нақты қай қалаға баратыны қатысу расталғаннан кейін белгілі болады.

Бағдарлама аясында фин мәдениетімен, жергілікті асханамен танысу және кешкі ас үстіндегі топтық танысу қарастырылған. Бір үстел басында сегіз шетелдік саяхатшы мен Финляндияның отбасын құрмаған екі жергілікті тұрғыны бас қосады.

Хельсинкидегі кешкі ас мәзірін Savoy кафесінің бас аспазы Адель Киннунен дайындайды, ал Тампереде - ел намысын халықаралық Bocuse d'Or аспаздық байқауында қорғаған Генри Тикканен әзірлейді.

Ұйымдастырушылар негізгі шығындарды: әуебилеттерді, тұруды, тамақтануды және жоспарланған іс-шараларға қатысу ақысын өз мойнына алуға уәде береді.

Кімдер қатыса алады?

Өтінімді Финляндиядан тыс жерде тұратын, 18 жастан асқан бойдақ жандар бере алады.

Ол үшін ағылшын тілінде видео түсіріп: "Кешкі ас үстіндегі танысу үшін не дайындар едіңіз және неге?" деген сұраққа жауап беру қажет.

Содан кейін роликті Instagram, TikTok немесе YouTube желілерінде #FinnishDinnerDate хэштегімен жариялап, Visit Finland ресми аккаунтын белгілеу керек. Содан соң қатысушылар FinnishDinnerDate.com сайтында форма толтырып, видеоның сілтемесін тіркеуі тиіс.

Бұл ретте Instagram және TikTok аккаунттары ашық болуы шарт. Егер қатысушы роликті жалпыға бірдей жариялағысы келмесе, оны YouTube-ке "сілтеме бойынша қолжетімді" (access by link) етіп жүктеп, ұйымдастырушыларға сілтемесін жібере алады.

Нәтиже қашан жарияланады?

Өтінім қабылдау 2026 жылдың 10 қарашасында Финляндия уақытымен 11:59-да (Астана уақытымен 14:59-да) аяқталады. Іріктеуден өткен 16 қатысушының есімі 1 желтоқсанда Visit Finland-тың Instagram және TikTok-тағы ресми парақшаларында жарияланады.

Өтінімді мына сілтеме бойынша беруге болады.