Еуропада аптап ыстықтан көз жұмғандардың саны 10 мың адамнан асты

0
136

​Қайтыс болғандардың 9 мыңнан астамы – 65 жастан асқан адамдар.


Еуропада аптап ыстықтан көз жұмғандардың саны 10 мың адамнан асты

Фото: istockphoto.com

ERNUR.KZ. Маусым айының соңында Еуропаны шарпыған аптап ыстық салдарынан 10 мыңнан астам адам мезгілсіз көз жұмды. Бұл мәліметті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) мен Аурулардың алдын алу және бақылау жөніндегі еуропалық орталықтың (ECDC) қолдауымен жұмыс істейтін EuroMOMO еуропалық өлім-жітімді мониторингтеу жүйесінің мамандары жариялады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қайтыс болғандардың 9 мыңнан астамы – 65 жастан асқан адамдар. Сарапшылардың айтуынша, бұл жас санатындағы азаматтар аптап ыстыққа ең осал топқа жатады. Өйткені, қатты ыстық

жылу соққысына әкеліп қана қоймай, жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жүйесінің созылмалы ауруларын асқындырады.

Талдау барысында Еуропаның 27 еліндегі өлім-жітім көрсеткіштері зерттелген. Алайда, әр мемлекет бойынша нақты деректер жарияланған жоқ. Соған қарамастан, маусымның соңғы аптасында артық өлім-жітім деңгейі ең жоғары тіркелген елдер ретінде Франция мен Бельгия аталды.

Мәселенің ауқымын жекелеген елдердегі зерттеулер де растайды. Германиядағы Роберт Кох институтының бағалауынша, маусым айының соңына дейін елде аптап ыстықтың салдарынан шамамен 5 100 адам көз жұмған. Оның ішінде 4 300-ден астам өлім-жітім 22–28 маусым аралығында тіркелген. Қайтыс болғандардың 80 пайыздан астамы – 75 жастан асқан азаматтар.

Ал Ұлыбританияда Империялық колледж, Ұлттық метеорологиялық қызмет және Лондон гигиена және тропикалық медицина мектебінің мамандары Англия мен Уэльсте аптап ыстық салдарынан шамамен 2 700 адамның қайтыс болғанын есептеген.

Сол зерттеу тобының мәліметінше, Еуропаның 12 ірі қаласында аномальды ыстықтан шамамен 2 300 адам көз жұмған. Ең көп өлім-жітім Милан, Париж және Барселона қалаларында тіркелген.

Мамандар климаттың өзгеруі салдарынан Еуропада аптап ыстықтың жиілеп, ұзаққа созыла бастағанын айтып, әсіресе қарт адамдарды, созылмалы ауруы бар азаматтарды және балаларды ыстық кезінде сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.