Еуроодақта 2 тамыздан бастап ЖИ-ге қатысты жаңа ережелер күшіне енеді

0
1 153

Жаңа ережелерге сәйкес, чат-боттар мен басқа да интерактивті жасанды интеллект жүйелері пайдаланушыларға олардың адаммен емес, жасанды интеллектімен байланысып отырғанын хабарлауға тиіс.


Еуроодақта 2 тамыздан бастап ЖИ-ге қатысты жаңа ережелер күшіне енеді

Фото: Анадолу

ERNUR.KZ. 2 тамыздан бастап Еуропалық комиссия мен Еуроодаққа мүше мемлекеттердің ұлттық органдары Жасанды интеллект туралы заңның (AI Act) ережелерін қолдана бастайды. Сол күні жасанды интеллект жүйелерінің ашықтығына қатысты жаңа талаптар да күшіне енеді, деп жазады kaz.inform.kz.


Жаңа ережелерге сәйкес, чат-боттар мен басқа да интерактивті жасанды интеллект жүйелері пайдаланушыларға олардың адаммен емес, жасанды интеллектімен байланысып отырғанын хабарлауға тиіс.

Сонымен қатар жасанды интеллект көмегімен жасалған немесе өзгертілген суреттер, бейнежазбалар мен аудиоматериалдар, соның ішінде дипфейктер арнайы таңбалануы керек. Жасанды интеллект арқылы жасалған немесе өңделген контентте оның шығу тегін анықтауға мүмкіндік беретін машина оқи алатын белгілер де болуы қажет.

Еуропалық комиссияның мәліметінше, жаңа талаптар алдау мен манипуляция қаупін азайтуға, жасанды интеллектіні пайдаланудың ашықтығын арттыруға және бизнеске заң талаптарын орындаудың нақты тәртібін ұсынуға бағытталған.

Сонымен бірге жасанды интеллектінің көмегімен жасалған контенттің ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі тәжірибе кодексіне қол қойған 180-нен астам ұйымның алғашқы тізімі жарияланды.

2 тамыздан бастап Еуропалық комиссия цифрлық сервистердің кең ауқымында, оның ішінде жасанды интеллект агенттерінде қолданылатын әмбебап жасанды интеллект модельдерін (General-Purpose AI, GPAI) жеткізушілердің AI Act талаптарын сақтауын бақылау өкілеттігіне ие болады.

Жүйелік тәуекелдер туғызуы мүмкін аса қуатты модельдерге қосымша талаптар енгізіледі. Оларды әзірлеушілер кибершабуылдарға, жасанды интеллект жүйелерін бақылаудан айырылуға, қауіпті манипуляцияларға, сондай-ақ химиялық, биологиялық, радиологиялық және ядролық қатерлерге байланысты тәуекелдерді бағалап, азайтуға міндетті.

Әмбебап жасанды интеллект модельдерін жеткізушілердің барлығы өз модельдері туралы ақпаратты құжаттап, авторлық құқық саласындағы саясатты сақтап, оларды оқытуда қолданылған деректер туралы жеткілікті дәрежеде егжей-тегжейлі мәлімет жариялауға тиіс.

Талаптардың орындалуын Еуропалық комиссияның Жасанды интеллект жөніндегі кеңсесі, Еуроодақ елдерінің ұлттық құзыретті органдары, сондай-ақ Еуроодақ институттары мен органдары пайдаланатын жүйелерге қатысты Еуропалық деректерді қорғау инспекторы бақылайды.

AI Act талаптарының ықтимал бұзылуы туралы хабарламаларды қабылдау үшін Еуропалық комиссия азаматтарға, компаниялар мен ақпарат берушілерге арналған арнайы цифрлық құралдарды да іске қосты.