Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қызметкерлерді ыстықтан қорғауға шақырды

0
121

ДДСҰ 20-дан жоғары әрбір градус үшін еңбек өнімділігі 2-3%-ға төмендейтінін анықтады.


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қызметкерлерді ыстықтан қорғауға шақырды

фото: Sputnik / Владислав Воднев

ERNUR.KZ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымы аптап ыстықта қызметкерлердің денсаулығын сақтау үшін жұмыс берушілерді жағдайды өзгертуге шақырды, деп жазады sputnik.kz.
ДДСҰ мәліметінше дүниежүзінде 2,4 миллиардтан астам адам жұмыс орнында қатты ыстықты бастан кешіп отыр. Бұл өндірістік жарақаттың көбеюіне, ауру-сырқаудың артуына және өмір сүру сапасының нашарлауына әкеледі.
"Жұмысшыларды қатты ыстықтан қорғау – денсаулық сақтаудың негізгі міндеті ғана емес, сонымен қатар экономикалық қажеттілік", - деді Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) бас хатшысының орынбасары Ко Барретт.
ДДСҰ мен ДМҰ 20-дан жоғары әрбір градус үшін еңбек өнімділігі 2-3%-ға төмендейтінін және қызметкерлердің денсаулығына қауіп артатынын анықтады.
Ықтимал салдарларға мыналар жатады:
ыстық өту;
ағзаның сусыздануы;
бүйрек функциясының бұзылуы;
неврологиялық бұзылыс.
Ыстықпен байланысты өндірістік жарақаттардың саны жылына 22,85 миллионнан асады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы үкіметтерге, жұмыс берушілерге және денсаулық сақтау органдарына аптап ыстықта денсаулық пен еңбек қауіпсіздігін қорғау саясатын әзірлеуді ұсынып отыр. Сондай-ақ халықтың осал топтарына назар аударуға, құтқарушыларды, дәрігерлер мен менеджерлерді ыстық өтудің белгілерін тануға үйретуге және осы саладағы зерттеулер мен бағалауды қолдауға шақырды.