Берлиндегі ЛГБТ шеруіне жасалған шабуылдан бір адам қаза тауып, 29 адам жарақат алды

0
104

​Сенбі күні Берлинде өткен іс-шараға жүздеген мың адам жиналған.


Берлиндегі ЛГБТ шеруіне жасалған шабуылдан бір адам қаза тауып, 29 адам жарақат алды

Фото: Euronews

ERNUR.KZ. Германия астанасы Берлинде өткен Christopher Street Day ЛГБТ шеруі кезінде жеңіл көлік адамдарды қағып кетіп, салдарынан бір әйел қаза тауып, кемінде 29 адам жарақат алды. Бұл туралы Германияның Ішкі істер министрі Александр Добриндт мәлімдеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Сенбі күні Берлинде өткен іс-шараға жүздеген мың адам жиналған. Кешкі сағат он шамасында Тиргартен ауданында жеңіл көлік бірнеше адамды қағып кеткен. Кейін көлік ағашқа соғылған.

Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші шеруге қатысушыларды әдейі жаншып өткен. Одан кейін көліктен түсіп, бірнеше адамға пышақпен шабуыл жасап, оқиға орнынан қашып кеткен.

Шабуыл салдарынан 65 жастағы Польша азаматы оқиға орнында көз жұмды. Ол Берлинге қызымен бірге келген. Әйелдің қызы да жарақат алғанымен, аман қалған.

Полицияның мәліметінше, жараланғандардың үшеуі бастапқыда ауыр жағдайда болған. Қазіргі уақытта зардап шеккендердің ешқайсысының өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, олардың бірқатары ауруханадан шығарылған.

Германия канцлері Фридрих Мерц бұл оқиғаны «жиіркенішті қылмыс» әрі «неміс қоғамына жасалған шабуыл» деп атады.