Алтын бағасы арзандады

0
95

Сауда сессиясының басында алтынның бір унциясы шамамен 4720 доллар тұрған, кейін оның бағасы 4718 долларға дейін түскен.


Алтын бағасы арзандады

фото: ашық дереккөзден

ERNUR.KZ. АҚШ пен Иран арасындағы бітімнің ұзартылуы аясында алтын бағасы төмендеді, деп жазады ulysmedia.kz.

Bloomberg агенттігінің жазуынша, сауда сессиясының басында алтынның бір унциясы шамамен 4720 доллар тұрған, кейін оның бағасы 4718 долларға дейін түскен. Жалпы алғанда, Таяу Шығыстағы әскери қақтығыс басталғалы бері алтын құны 10 пайыздан астамға арзандаған.

Агенттік алтын бағасының төмендеуін АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранмен атысты тоқтату режимін ұзарту туралы мәлімдемесімен және келіссөздердің жаңа кезеңінің өтпей қалуымен байланыстырады.

Сонымен қатар нарыққа АҚШ Федералдық резерв жүйесінің төрағалығына кандидат Кевин Уорштың Сенаттың банк комитетіндегі сөзі де әсер еткен. Ол пайыздық мөлшерлеме бойынша Трампқа ешқандай уәде бермегенін айтып, тәуелсіз әрекет ететінін жеткізді. Сондай-ақ инфляциямен күресу үшін жаңа құрылым қажет екенін атап өтті.

АҚШ ПЕН ИРАН БІТІМІНІҢ ҰЗАРУЫ

Еске салайық, Иран Пәкістанда 22 сәуірде өтуі тиіс болған АҚШ-пен келіссөздердің екінші кезеңіне қатысудан бас тартты. Ал Трамп бұған дейінгі қысымы мен құқайына қарамастан Тегеранмен арадағы бітімді ұзарту туралы шешім қабылдады.

Ақ үй басшысы Иранға жоспарланған шабуыл Пәкістанның өтінішімен кейінге шегерілгенін айтты. Оның сөзінше, Вашингтон Тегеранға келіссөзге арналған ортақ ұсыныс әзірлеуге уақыт бермек. Алайда АҚШ қысымды бәсеңдетпейді: иран порттарына қойылған блокада сақталады, ал әскери күштер толық дайындық күйінде қалады.

– Иран үкіметінде айтарлықтай алауыздық бар, бұл, әрине, таңғаларлық нәрсе емес. Пәкістанның фельдмаршалы Асим Мунир мен премьер-министрі Шехбаз Шарифтің өтініші бойынша біз Иранға қарсы шабуылды олардың басшылығы мен өкілдері бірыңғай ұсыныс дайындағанға дейін кейінге қалдыруға келістік. Осыған байланысты әскерилерге блокаданы жалғастырып, толық дайындықта болуды тапсырдым. Сондай-ақ бітімді сол ұсыныс ұсынылып, келіссөздер аяқталғанға дейін ғана ұзартамыз, – деп жазды ол Truth Social әлеуметтік желісінде.