Алкогольге құмарлықты азайтудың күтпеген тәсілі анықталды

0
99

Зерттеу авторларының бірі, профессор Карел ле Ру препараттардың мидағы тәуелділікке жауапты терең аймақтарға әсер ететінін айтады.


Алкогольге құмарлықты азайтудың күтпеген тәсілі анықталды

ERNUR.KZ. GLP-1 негізіндегі препараттар алкогольді тұтынуды айтарлықтай азайтуы мүмкін, деп жазады baq.kz.

GLP-1 рецепторларының агонистері негізіндегі, салмақты азайтуға арналған препараттар – семаглутид пен лираглутид – алкогольді тұтынуды едәуір азайта алатыны анықталды. Бұл туралы Дублин университеттік колледжінің ғалымдары жүргізген зерттеуде айтылып, оның нәтижелері Еуропалық семіздікке қарсы конгрессте ұсынылды. Толық мақала Diabetes, Obesity and Metabolism журналында жарияланды.

Зерттеуге артық салмағы бар 262 пациент (орта жасы – 46, көпшілігі әйелдер) қатысты. Оларға GLP-1 препараттары тағайындалды. Төрт ай ішінде қатысушылардың орташа алкоголь тұтынуы екі есеге жуық – аптасына 11,3 бірліктен 4,3 бірлікке дейін қысқарды. Ал үнемі ішімдік ішетіндердің көрсеткіші 68%-ға – 23 бірліктен 7,8 бірлікке дейін төмендеген.

Зерттеу авторларының бірі, профессор Карел ле Ру препараттардың мидағы тәуелділікке жауапты терең аймақтарға әсер ететінін айтады. Оның сөзінше, осы әсердің арқасында пациенттер алкогольге деген құмарлықтың "өздігінен жойылғанын" байқаған.

Алайда ғалымдар бұл нәтижелерге сақтықпен қарау керектігін ескертеді – зерттеу тобының саны аз болған және бақылау тобы болмаған. Дегенмен, бұл жұмыс GLP-1 аналогтарының әлі толық зерттелмеген, тосын әсерлерін көрсетіп отыр.