Әлемде әр үшінші әйел зорлық көрген — БҰҰ

0
247

54 елдің деректеріне негізделген «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының жаңа есебінде осындай қорытынды айтылған.


Әлемде әр үшінші әйел зорлық көрген — БҰҰ

Фото: БҰҰ

ERNUR.KZ. Әлемде физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің тек 7%-ы ғана бастан кешіргенін полицияға хабарлайды. Төрттен бірі ғана қандай да бір көмекке жүгінеді, деп жазады inform.kz.

Физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әр төртінші әйел ғана қандай да бір көмек сұрай отбасы мүшелеріне, достарына, таныстарына немесе ресми органдарға жүгінеді және 7 пайызы ғана оқиға туралы полицияға хабарлайды.

Әйелдер тіпті зорлық-зомбылық туралы хабарлаймын деп шешсе де, әділет орнайтынына кепілдік жоқ, себебі жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты істер бойынша сотталу деңгейі әлем бойынша төмен деңгейде қалып отыр.

54 елдің деректеріне негізделген «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының жаңа есебінде осындай қорытынды айтылған. Ол 25 қарашада атап өтілетін Халықаралық әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою күні қарсаңында жарияланып отыр.

Әділет жүйелері өз міндетін толық атқармай келеді

840 миллион әйел мен қыз, яғни әлемдегі шамамен үштен бірі өмірінде кем дегенде бір рет физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған.

— Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен қыздарға қарсы жасалған қылмысты тергеуде әлем бойынша көптеген сот жүйелері қауқарсыздық танытып келеді, — деді «БҰҰ-Әйелдер» ұйымының атқарушы директоры Сима Бахус.

Оның айтуынша, көптеген істер хабарланбай қалады, қылмыстық қудалау көбінесе сәтсіз болады және сот шешімдері орындалмайды.

Үнсіздік — мәжбүрлі шара

Көп әйел қорыққаннан ешкімге тіс жармайды. Зорлық-зомбылық туралы хабарлаған әйелдер баспанасынан, балаларынан және күнкөріс көздерінен айырылу қаупіне ұшырайды. Ал кейбір жағдайда зорлықшыл қаскөй көмекке жүгінгені үшін әйелдерді өлтіріп те кетеді.

Статистика жүргізілетін көптеген елдерде зорлыққа ұшырап көмек іздеген әйел саны азайып келеді. БҰҰ әйелдер ұйымының мәліметтері бойынша, Азияда зардап шеккендердің тек 16 пайызы, Африкада 31 пайызы және Латын Америкасы мен Кариб бассейнінде 40 пайызы көмекке жүгінеді. Еуропа Одағында жәбірленушілердің 64 пайызы бастан кешкендерін жақындарына айтады, бірақ тек 14 пайызы бұл туралы полицияға хабарлайды.

Зерттеулерге сәйкес, әлем бойынша тіркелген істердің 63 пайыздан 97 пайызға дейінгі бөлігі сотталумен аяқталмайды. Істер көбінесе аяқталмайды, жәбірленушілер көп мәрте сұрақтарға жауап беруге мәжбүр болады, ал қылмыскерлер, әсіресе биліктегілер көбінесе жазасыз қалады.

«Әр сөзді нақты әрекетке айналдырайық».

Бахустың айтуынша, «БҰҰ-Әйелдер» ұйымы бұл жағдайды өзгертуге болатынын баса айтады. Бүгінде әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық мәселесіне көбірек көңіл бөлініп келеді, жәбірленушілерді қорғау үшін көбірек заңдар қабылданып жатыр, сотталғандардың саны көбейіп, түрмеге жабылып жатыр.

Ол «әр заңды нақты қауіпсіздікке, әр уәдені қорғанышқа, ал әр сөзді нақты іс-әрекетке айналдыруға» үндеді.

— Әйелдердің бүгінгі қорғаныс механизмдері көрген қорлығы жайлы ашық айтуға батылы барған ұрпақтардың мұрасы. Енді біз олардың батылдығына әділдікпен жауап беруіміз керек, — деді Бахус.