34 жастағы әйел мен оның 13, 11, 9, 6 және 2 жастағы балалары көз жұмды.
Фото: turmush.kg
ERNUR.KZ. Қырғызстанның Ош қаласында өрт болып, алты адам қаза тапты, деп жазады ulysmedia.kz.
Қала әкімдігінің мәліметінше, өрт 03:30 шамасында Орозбеков көшесі, 26 мекенжайындағы көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесінде, «Жібек Жолы» аумақтық басқармасына қарасты аумақта шыққан.
- Қызыл жалын шатырға жеткен кезде көршілер байқап, өрт сөндірушілерге хабар берген. Оқиға орнына келген өрт сөндіру қызметі жалынды сөндіріп, күйіп қалған, тануға келмейтін денелерді тапты, – делінген әкімдік хабарламасында.
Қырғызстанның төтенше жағдайлар министрлігі өрт салдарынан осы үйдің алты тұрғыны қаза тапқанын хабарлады: 34 жастағы әйел мен оның 13, 11, 9, 6 және 2 жастағы балалары.
Қазір оқиға орнында ТЖМ, құқық қорғау органдары мен қалалық қызмет өкілдері жұмыс істеп жатыр. Ош мэрі Женішбек Токтораев та өрт болған жерге барған.
ҚАРА ЖАМЫЛҒАН ОТБАСЫ
23 қазанда Ош қаласында өрттен қаза тапқан әйел мен оның бес баласын жер қойнына тапсырды.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, отбасының отағасы – Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген азамат 23 қазанда таңертең Ошқа ұшып келіп, жұбайы мен балаларын жерлеген.
Қала басшысы Женішбек Токтораев марқұмдардың жақындарына көңіл айтып, әкімдік тарапынан барлық қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.


