Дәрігерлер жүрекке уайым әсер етеді дейді.
Фото: Freepik
ERNUR.KZ. АҚШ ғалымдары «жаралы жүрек» синдромынан әйелдерден гөрі ер адамдардың көбірек қайтыс болатынын анықтады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Жаралы жүрек» синдромы деген не?
Такоцубо кардиомиопатиясы деген атаумен белгілі «жаралы жүрек» синдромы көбіне күшті эмоциялық немесе физикалық күйзелістен кейін пайда болады. Науқастар көбіне кеуде тұсының ауырсынуына, тыныс жетіспеушілігіне шағымданады. Дәрігерлердің айтуынша, бұл жағдайда жүрек бұлшықетінің бір бөлігі уақытша әлсірейді, бірақ тамырлар бітелмейді.
«Эмоциялық күйзеліске түскен адамдардың жағдайы әдетте онша ауыр болмайды. Ер адамдар эмоцияға аса берілмейді, сондықтан «олардың жүрегі» жаралануы үшін әлдеқайда күштірек оқиға түрткі болуы керек», - дейді Джон Хопкинс медицина орталығының кардиологы доктор Илан Виттштейн.
Ер адамдар неге көбірек қайтыс болады?
2016–2020 жылдары аралығында АҚШ-та ауруханаға түскен 200 мыңға жуық науқастың деректеріне талдау жүргізілген. Нәтижесінде, ер адамдардың шамамен 11% - ы көз жұмса, әйелдер арасында бұл көрсеткіш 5% - ға ғана жеткен.
«Ерлерде бұл синдромнан кейін қалпына келу қиынырақ болуы мүмкін, өйткені оларда әлеуметтік қолдау аз. Егер стресс ұзаққа созылса, ол жүрекке одан әрі зиян тигізуі мүмкін немесе қалпына келу мүмкіндігін төмендетеді», - деді зерттеудің жетекші авторы, Аризона университетіндегі Сарвер жүрек орталығының кардиологы доктор Мохаммад Мовахед.
Кардиологтардың пайымдауынша, физикалық күйзеліске түскенде немесе инсульт алып, ота жасатқан жағдайда ерлердің жүрегі ауыра бастайды. Ал әйелдерге көбіне эмоциялық факторлар, яғни, жақынынан айырылу, ажырасу сияқты өмірлік жағдайлар әсер етеді екен.
Жаралы жүректің емі бар ма?
Мамандар күйзелістің гормондар арқылы жүрек қызметіне әсер ететінін айтады, алайда «жаралы жүректің» нақты себептері әлі толық анықталмаған. Зерттеушілер кей науқастарда мұның тұқым қуалауы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
Қазіргі таңда сырқатты емдеуге арналған арнайы дәрі-дәрмек жоқ. Дәрігерлер стрессті басқару тәсілдері мен жүрек ауруларын емдеуге арналған жалпы препараттарды қолдануға кеңес береді.
Мамандар кеуденің ауруы, тыныстың тарылуы сияқты белгілерді жай ғана уайым мен күйзеліске ысыра салуға болмайтынын ескертті. Өйткені бұл «жаралы жүрек» синдромынан немесе жүрек талмасынан хабар беруі мүмкін.