3 адам қаза тапты: Вьетнамда тайфун салдарынан 600 мыңға жуық адам эвакуацияланбақ

0
105

Тайфун салдарынан 7 мың үй зақымдалып, 29 мың гектарға жуық күріш алқабын су басып, 18 мың ағаш құлады.


3 адам қаза тапты: Вьетнамда тайфун салдарынан 600 мыңға жуық адам эвакуацияланбақ

Фото: Vietnam+

ERNUR.KZ. Вьетнамда "Каджики" тайфуны соғып, үш адамның өмірін жалмап, он адамды жарақаттады. Вьетнам билігі Тханьхоа, Куангчи, Хюэ және Дананг орталық провинцияларынан 586 мыңнан астам адамды эвакуациялауды жоспарлап отыр, деп жазады stan.kz.

Тайфун салдарынан 7 мың үй зақымдалып, 29 мың гектарға жуық күріш алқабын су басып, 18 мың ағаш құлады.

Ел билігінің мәліметінше, 331 электр желісінің тірегі қирап, Тханьхоа, Нгеан, Хатинь, Тхайнгуен және Футхопровинциялары электр қуатынсыз қалды. Желіде түнгі жаңбырдан кейін қатты су басқан Ханой көшелері түсірілген видео тарады.

Дауыл 25 тамызда түстен кейін Вьетнамның солтүстік жағалауында соққан. Ол 26 тамызда таңертең басылып, Лаосқа көшкен. Дегенмен, синоптиктер су тасқыны мен көшкін жүру қаупі барын ескертті. Олардың мәліметінше, Вьетнамның солтүстігіндегі кейбір аудандарда алты сағат ішінде 150 мм-ге дейін жауын-шашын түсуі мүмкін (1 миллиметр жауын-шашын – 1 шаршы метр аумаққа 1 литр су түсуі).

Еске салсақ, бұған дейін Вьетнамның солтүстік-шығыс жағалауында “Яги" тайфуны соғып, 24 адамның қаза тапқаны туралы жазған едік. Табиғи апат биыл Азиядағы ең қуатты дауыл деп танылды.