​20, 30, 40 ЖАСТАҒЫ ЛИБИДО: Әйелдің сексуалдылығы жасына қарай қалай өзгереді?

0
579

Неғұрлым жас болғаны жақсы ма? Әлде тәжірибе рөл ойнай ма? Климакстан кейін бар қызық біте ме?


​20, 30, 40 ЖАСТАҒЫ ЛИБИДО: Әйелдің сексуалдылығы жасына қарай қалай өзгереді?

Сурет: ЖИ

Көпшілік арасында «Әйелдің жасы ұлғайған сайын жеңсіктігі (сексуалдық құштарлығы) төмендейді» деген пікір бар. Шынымен солай ма? Бұл сұраққа жауап беру үшін алдымен жеңсіктік қуатына қандай факторлар әсер ететінін түсіну қажет.


Жас ұлғайған сайын әйелдің сексуалдылығы да бірқатар өзгерістерге ұшырайды. Ол біздің өзімізбен бірге есейіп, жетіледі. Сексуалдылық – бұл тек жыныстық құштарлық емес. Оған адамның жалпы энергия деңгейі, бұлшықеттердегі кернеу, жыныстық қатынасқа және жалпы өз тұлғасына қатысты көзқарас, жамбас түбі бұлшықеттерінің жағдайы, эрогенді аймақтардың орналасуы мен олардың қалай жұмыс істейтінін білуі, сондай-ақ туа біткен жыныстық конституциясы кіреді. Соңғысы – генетикалық ерекшелік, оны түбегейлі өзгерту мүмкін емес.



20 жастағы сексуалдық тартымдылық

Физиологиялық тұрғыдан алғанда, 20 жаста әйел ағзасындағы тестостерон деңгейі жоғары болады. Бұл кезеңде өмірлік энергия да мол.

Алайда дәл осы жаста көптеген қыздар өз денесін әлі толық танып үлгермейді. Олар эрогенді аймақтарының қайда орналасқанын, оларды қалай дұрыс ынталандыру керектігін немесе өзіне не ұнайтынын білмеуі мүмкін. Сонымен қатар тәжірибенің аздығы да интимдік өмірдің сапасына әсер етеді. Сондықтан бұл жастағы жыныстық қатынас әрдайым ерекше жарқын бола бермейді.

Көп жағдайда қыздар серіктесінің қалауы мен ләззатына көбірек көңіл бөліп, өз қажеттіліктерін кейінге ысырады. Яғни интимдік қарым-қатынаста өзінен бұрын қарсы тараптың көңілінен шығуға тырысады.

Бұл кезеңнің тағы бір ерекшелігі – өзінің сексуалдылығын қабылдай алмау. Ата-ананың тәрбиесі немесе қоғам қалыптастырған теріс көзқарастар қыздың өз сексуалдылығын еркін қабылдауына кедергі келтіруі мүмкін. Соның салдарынан ол өзін сенімсіз сезінеді, денесінен ұялады немесе серіктесі өзін қалай қабылдайтынына алаңдайды.


30 жастағы сексуалдылық

30 жасқа қарай әйелдің жыныстық тәжірибесі көбейеді және өзіне деген сенімі артады. Бұл жаста көптеген әйелдің тұрақты серіктесі болады, ал сенімді әрі қауіпсіз қарым-қатынас өзін еркін сезінуге мүмкіндік береді.

Осының арқасында әйел түрлі жаңалықтарды байқап көруден қорықпайды, өз денесінің мүмкіндіктерін жақсырақ зерттейді. Көптеген әйел дәл осы кезеңде бұрынғы қорқыныштары мен комплекстерінен арылады. Олар өзіне қандай жанасу немесе ынталандыру түрі ұнайтынын жақсы біледі, сондықтан оргазмға жету де жеңілдей түседі.


Ана болу сексуалдылыққа қалай әсер етеді?

Ана атану көптеген жағымды эмоция сыйлағанымен, сексуалдылық тұрғысынан белгілі бір қиындықтар туғызуы мүмкін. Бала күтімі әйелден көп күш пен уақытты талап етеді. Ұйқының қанбауы, ұзаққа созылатын шаршау және энергияның азаюы либидоның төмендеуіне әсер етуі ықтимал.

Сонымен қатар бала емізу кезінде пролактин гормоны көп бөлінеді. Бұл гормон тестостеронның түзілуін тежейді. Ал тестостерон жыныстық құштарлыққа әсер ететін маңызды гормондардың бірі.

Жүктілік пен босану жамбас түбі бұлшықеттерінің жағдайына да әсер етеді. Сондықтан босанғаннан кейін жыныстық қатынас кезіндегі сезімдер бұрынғыдай болмауы ықтимал. Осы себепті мамандар жамбас түбі бұлшықеттерін қалпына келтіруге арналған арнайы жаттығулармен айналысудың маңызын үнемі айтады.



40 жастағы сексуалдылық

40 жасқа қарай көптеген әйел саналы әрі кемел сексуалдылық кезеңіне қадам басады. Бұл уақытта ол өз денесін жақсы таниды, өзіне не ләззат сыйлайтынын анық біледі. Бұрын айтуға немесе жүзеге асыруға батылы жетпеген қиялдарын еркінірек білдіре алады.

Сонымен қатар осы кезеңде ұзақ уақыт бірге болған жұптардың қарым-қатынасында белгілі бір салқындық пайда болуы мүмкін. Интимдік өмірде бірсарындылық орын алып, бұрынғы құштарлық бәсеңдеуі ықтимал. Мұндай жағдайда серіктестердің бір-бірімен ашық сөйлесуі, өз қалауы мен қажеттіліктерін бөлісуі маңызды. Сондай-ақ интимдік өмірге жаңашылдық енгізу екі адамның бір-бірін жаңа қырынан тануына және қарым-қатынасты жандандыруға көмектеседі.


50 жастан кейінгі сексуалдылық

50 жастан кейін әйел ағзасында эстроген гормонының деңгейі төмендейді. Соның салдарынан кейбір әйелдер жыныстық жақындық кезінде жайсыздық немесе ауырсыну сезінеді.

Алайда бұл жаста либидо міндетті түрде жоғалады деген пікір шындыққа жанаспайды. Мамандар әйелдің сексуалдылығы тек гормондарға ғана емес, денсаулық жағдайына, психологиялық көңіл күйіне, серіктесімен қарым-қатынасына, ұйқы сапасына және күнделікті күйзеліс деңгейіне, өзіне күтім жасауына да байланысты екенін айтады.


Климакстан кейін не өзгереді? Бар қызық біте ме?

Көпшілік арасында «Климакс кезеңі келгенде әйелдің интимдік өмірі аяқталады» деген жаңсақ пікір бар. Қазіргі медицина бұл көзқарасты қолдамайды.

Иә, менопаузадан кейін кейбір өзгерістер болуы мүмкін:

  • қынаптың құрғауы;
  • қозу үшін көбірек уақыт қажет болуы;
  • жыныстық қатынас кезіндегі жайсыздық;
  • либидоның төмендеуі;
  • оргазмның қарқындылығының өзгеруі.

Бірақ бұл өзгерістердің бәрі әр әйелде әртүрлі болады және олардың көпшілігін түзетуге мүмкіндік бар. Мысалы, су негізіндегі лубриканттар мен қынапқа арналған ылғалдандырғыштар құрғақтықты азайтуға көмектеседі. Кейбір әйелдерге дәрігердің бақылауымен жергілікті эстроген препараттары немесе басқа ем түрлері ұсынылуы мүмкін.

Ең маңыздысы – менопауза сексуалдылықтың аяқталуы емес, оның жаңа кезеңі. Тіпті кей әйелдер дәл осы кезеңде интимдік өмірден бұрынғыдан да көбірек ләззат ала бастайды. Бұған бірнеше себеп бар:

  • жүктіліктен сақтану немесе жоспарланбаған жүктілік туралы алаңдаушылықтың болмауы;
  • өз денесін жақсырақ тануы;
  • серіктесімен ашық сөйлесе алуы;
  • өмірлік тәжірибе мен өзіне деген сенімділіктің артуы.

Зерттеулер әйелдің интимдік өміріне әсер ететін негізгі факторлардың қатарында серіктесімен эмоционалдық жақындық, өз денесін қабылдауы, психологиялық жай-күйі және қарым-қатынас сапасы тұрғанын көрсетеді. Яғни тек гормондардың өзгеруі ғана бәрін шешпейді.


Хопкинс Медицина ұйымының мамандары әйел қай жаста болса да:

    • жақын адаммен ашық сөйлесуге
    • алдын ала еркелетуге көбірек уақыт бөлуге
    • жамбас түбі бұлшықеттерін жаттықтыруға
    • интимдік мәселелер пайда болса, оны қартаюдың белгісі деп қабылдамай, гинекологқа немесе менопауза мәселелерімен айналысатын маманға қаралуға кеңес береді.


Жас ұлғайған сайын гормондық өзгерістер жүреді, әр әйелдің физиологиялық ерекшеліктері де әртүрлі болады. Дегенмен сексуалдылыққа әсер ететін ең маңызды факторлардың бірі – адамның өзіне деген көзқарасы. Егер әйел өз денесін жақсы көріп, өзіне ләззат алуға мүмкіндік берсе, ішкі шектеулерімен жұмыс істеп, интимдік өмірін дамытуға көңіл бөлсе, жасы ұлғайған сайын да сексуалдылығы сақталуы мүмкін.

Өзіңіздің денеңізді қабылдаңыз, комплектен, орынсыз ұыңдықтан арылуға тырысыңыз. Өзіңізге жақындықтың ләззатын сезінуге мүмкіндік беріңіз. Дені сау әрі үйлесімді сексуалдылықтың басты кілті де осында. Дұрыс күтім мен уақытылы емнің арқасында әйелдің жыныстық өмірі ұзақ жылдар бойы белсенді әрі қанағаттанарлық болып қала алады.

Дайындаған: Х. ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

«ӨЗ АДАМЫҢды» ИІСінен тану мүмкін бе?
«ТҮНГІ ТІРЛІККЕ» түстен бастап дайындалмасаңыз, КЕШ қаласыз