Бұл додада түркістандық спортшылардың жарқын жеңісі ел мерейін үстем етті.
Түркістандық Сурдлимпиада жеңімпаздары елге оралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жапонияның Токио қаласында өткен Жазғы Сурдлимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы айтарлықтай табысқа жетті. Бұл додада түркістандық спортшылардың жарқын жеңісі ел мерейін үстем етті.
73 келі салмақ дәрежесінде белдескен Қуандық Шадияр қарсыластарына мықтылығын мойындатып, Сурдолимпиада чемпионы атанды. Ал 100 кг салмақта күрескен Тоқтарбек Айдарбек финалға дейін сенімді қадам басып, шешуші кезеңде ғана қарсыласына жол беріп, күміс жүлдені еншіледі.
Жеңімпаздарды Түркістан халықаралық әуежайында зор қошеметпен қарсы алды. Оларды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, спортшылардың жақындары, жанкүйерлері мен бапкерлері гүл шоқтарымен күтіп алып, құрмет көрсетті.
– Ел абыройын асқақтатып, Қазақстанның көк байрағын халықаралық ареналарда желбіреткен спортшыларымызды қарсы алып отырмыз. Қуандық Шадияр мен Айдарбек Тоқтарбек – тек Түркістан облысының ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышы. Олар сурдодзюдо спортында жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, үздік екенін дәлелдеді. Күні кеше Токио қаласында өткен ХХV Жазғы Сурдлимпиада ойындарында Қуандық Шадияр чемпион атанса, Айдарбек Тоқтарбек күміс жүлде жеңіп еліміздің мерейін тағы бір мәрте үстем етті. Сіздер – жетістікке ұмтылған жас буынға үлгі, жігер мен рух сыйлайтын чемпиондарсыз! – деген Ертай Кенжебекұлы облыс жұртшылығы атынан алғысын білдірді.
Айта кетейік, ел қоржынына салмақты олжа салған екі спортшы да облыстық мүгедектерге арналған «Сауран» спорт клубының тәрбиеленушілері.


