Түркістандық диқандар нарыққа қырыққабат шығаруды бастады

0
89

Ресей және Беларусь елдеріне экспортталды.


Түркістандық диқандар нарыққа қырыққабат шығаруды бастады

Түркістан облысы Мақтаарал ауданының еңбекқор шаруалары 2026 жылғы алғашқы ауыл шаруашылығы өнімдерінің бірі – ерте пісетін қырыққабатты нарыққа шығаруды бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биылғы маусымның алғашқы өнімін алғашқылардың бірі болып «Қылышбек» шаруа қожалығы жинап, экспортқа жөнелтті.


Аталған шаруашылық кәріс селекциясына жататын «Пекинка» сұрпын өсіріп, алғашқы өнімін Ресей Федерациясына экспорттауда. Қожалық басшысы Сейсенбай Мусирманкуловтың айтуынша, шаруашылыққа тиесілі 9 гектар жердің 4 гектарына қырыққабат дақылы егілді. Егіс барысында заманауи тамшылатып суғару технологиясы қолданылып, өнім сапасы мен өнімділігін арттыруға ерекше мән берілген.


Қазіргі таңда қырыққабаттың бір келісі 200 теңгеден саудалануда. Жалпы өнім көлемі шамамен 120 тонна болады деп күтілуде. Өнімді тасымалдау «Агрогруз» компаниясы арқылы жүзеге асырылып жатыр.


Жалпы, биылғы жылға арналған болжамдық егіс құрылымына сәйкес, Мақтаарал ауданы бойынша көкөніс дақылдары 1 404 гектар алқапқа орналастырылады. Оның ішінде қырыққабат дақылы 1 016 гектарға егілмек. Бүгінгі күнге дейін ерте пісетін қырыққабат 827 гектар аумаққа егіліп, алғашқы өнімдер нарыққа жол тартты.


Мақтааралдық шаруалар негізінен салмағы 1-1,5 келі аралығындағы қырыққабаттың «Ринда», «Пекин», «Пандион» сияқты жоғары сұранысқа ие сұрыптарын таңдаған. Бұл өнімдерге әсіресе Еуропа елдері мен Ресей нарығында сұраныс жоғары. Сонымен қатар жергілікті диқандар ішкі нарықты да толық қамтамасыз етуге қауқарлы.


Өңірдің аграрлық әлеуетінің тағы бір ерекшелігі – жерді тиімді пайдалану мүмкіндігі. Ерте пісетін қырыққабат жиналғаннан кейін, диқандар сол алқаптарға қауын-қарбыз, мақта, жүгері және басқа да дақылдарды егуге кіріседі. Осылайша, жыл ішінде екі, тіпті үш мәрте өнім алу тәжірибесі кеңінен қолданылуда.


Айта кетейік, былтыр Мақтаарал ауданында 520 гектар жерге қырыққабат егілсе, нәтижесінде 11 мың тоннаға жуық өнім жиналды. Оның басым бөлігі Ресей және Беларусь елдеріне экспортталды.

Бөлісу