Түркістандағы Хан мешітінің ішкі экспозициясы келушілер назарына ұсынылды

0
86

Қонақтар тарихи нысанның сәулеттік ерекшеліктерімен танысып, оның рухани-мәдени маңызы жөнінде кеңінен мағлұмат алды.


Түркістандағы Хан мешітінің ішкі экспозициясы келушілер назарына ұсынылды

Түркістандағы Хан мешітінің ішкі экспозициясы келушілер назарына ұсынылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мейрамы қарсаңында «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы құрамындағы Хан мешітіне баспасөз туры ұйымдастырылды. Іс-шараға тарихшы ғалымдар, БАҚ өкілдері және туризм саласының мамандары қатысты. Жуырда қайта қалпына келтірілген мешіттің ішкі экспозициясы толықтырылып, келушілер назарына ұсынылды. Қонақтар тарихи нысанның сәулеттік ерекшеліктерімен танысып, оның рухани-мәдени маңызы жөнінде кеңінен мағлұмат алды.


Хан мешіті Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен батысқа қарай 300 метр қашықтықта, Жеті ата көшесінің бойында орналасқан. Мешіт ауласы тік төртбұрышты пішінде салынған, өлшемдері – 25,1х18,4 метр. Ауланың шығыс бөлігінде жабыстыра тұрғызылған тахаратхана құрылысымен қоса есептегенде, қас бетінің ұзындығы 30,7 метрді құрайды. Ал тахаратхананың көлемі – 5,6х5,5 метр. Мешіт аумағында жамағат имамына арналған екі бөлмелі тұрғын үй, бастырмалар және құдық орналасқан. Сондай-ақ, аула сыртында қосымша тахаратхана орны қарастырылған.


Хан мешіті – қазақ хандарының, олардың туыстары мен нөкерлерінің, сондай-ақ мәртебелі қонақтардың намаз оқитын қасиетті орны болған. Хандар бес уақыт намазын арнайы «Мақсура» бөлмесінде оқыған. Бұл бөлмеге Хан ордасына бағытталған жеке есік арқылы кірген. Мешіт кешені өз дәуірінде орам халқына арналған Жәми мешітін, жоғары лауазымды тұлғаларға арналған «Мақсура» бөлмесін, ауласын және жеке тахаратханасын қамтыған. «Мақсураның» жеке михрабы мен имамының болуы оның ерекше мәртебесін айқындайды.


Археологиялық қазба жұмыстары барысында мешіт құрылымы толық зерттеліп, оған қатысты көше, жылу беру бөлмесі, тұрғын үй, аула және дәретхана орындары анықталды. 2015 жылы нысан ғылыми негізде толық қалпына келтірілді.

Бөлісу