Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы екі пациентте аллергиялық реакция анықталғанын хабарлады.
Фото: depositphotos.com
ERNUR.KZ. Астана тұрғыны Bahandi тез тамақтану желісінен ас ішкеннен кейін бірнеше сағат өткен соң баласында ауыр аллергиялық реакция басталғанын мәлімдеді. Әйелдің айтуынша, ауруханаға осындай белгілермен тағы бір бала түскен. Компания ішкі тексеру жүргізілгенін, бірақ ешқандай заңбұзушылық анықталмағанын хабарлады, деп жазады tengrinews.kz.
Баланың анасы не дейді?
Астана тұрғыны бұл жағдай туралы әлеуметтік желілерде айтып берді. Оның сөзінше, алдымен денесінде қышыма бөртпелер мен тез жайылып бара жатқан қызару пайда болған. Антигистаминдік препарат көмектеспеген соң, отбасы жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болған.
"Балаға преднизолон екті. Дәрігерлер кез келген сәтте Квинке ісінуі басталуы мүмкін екенін, сондай-ақ бауыр интоксикациясы қаупі бар екенін ескертті", - деп жазды ол.
Келесі күні белгілер қайталанып, бала ауруханаға жатқызылды.
Сондай-ақ әйел ауруханада фастфуд жеген осындай белгілері бар тағы бір бала жатқанын айтады. Ұлының жағдайы әзірге жақсармаған: қызару мен бөртпелер әлі де шығып жатыр.
Скриншот: Threads
Компания өкілдері не дейді?
Компания шағым түскенін, оған жауап берілгенін және кейінірек клиентпен телефон арқылы байланысқанын хабарлады.
Өтініштен кейін кәсіпорында ішкі тексеру жүргізілген. Bahandi мәліметінше, мамандар тағамдарды дайындау процестерін, ингредиенттердің сақталу жағдайлары мен жарамдылық мерзімдерін, сондай-ақ тапсырыстың қабылданғанынан бастап берілгеніне дейінгі бейнежазбаларды зерделеген.
Компания тексеру барысында технологиялық процестерден, температуралық режимдер мен санитарлық нормалардан ешқандай ауытқу табылмағанын мәлімдеді. Сондай-ақ аталған кезеңде осындай белгілер бойынша басқа шағымдар түспегенін айтты.
"Бүгінгі таңда аллергиялық реакцияның себебі біздің өніміміз екенін нақты көрсететін расталған деректер жоқ. Мән-жайды объективті анықтау үшін медициналық қорытындыларды, тексеру нәтижелерін және қажет болған жағдайда тиісті зертханалық зерттеулерді ескеру маңызды", - делінген сауалға берілген жауапта.
Компания медициналық құжаттарды зерделеуге және мән-жайды анықтауды жалғастыруға дайын екенін білдірді.
"Болған оқиғаның себептері туралы асығыс қорытынды жасамай, объективті фактілер мен тексеру нәтижелеріне сүйенуді маңызды деп санаймыз", - деп хабарлады Bahandi өкілдері.
Балалардың жағдайы туралы не белгілі?
Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы екі пациентте аллергиялық реакция анықталғанын хабарлады.
"Пациенттерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Олардың жағдайы тұрақты, оң динамика байқалады", - деп атап өтті ведомство.
Айта кетейік, жақында Маңғыстау облысында тоғыз жасар бала ботулизмнен қайтыс болды. Атырау облысынан келе жатқанда қолдан сатып алынған балық өнімін жегеннен кейін оның отбасының тағы төрт мүшесі ауырып қалған. Болған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.


