Түркістанда «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің концерті өтті

0
123

Ертай Алтаев арнайы қатысып, би ұжымын 70 жылдық мерейтойымен құттықтады.


Түркістанда «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің концерті өтті

Түркістанда «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің «Би керуені» жобасы аясында концерті өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» кешенінде ҚР Еңбек сіңірген «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің «Би керуені» жобасы аясында концерті өтті. Аталған шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, би ұжымын 70 жылдық мерейтойымен құттықтады.


«Би керуені» жобасы аясында өткен концерттік шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ұйымдастыруымен және Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асты. Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Мұрат Оспанов өз кезегінде бірқатар мамандарға алғыс хат табыстады. ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Түркістан қалалық Әйелдер алқысының төрайымы, биші Ұлжан Мұстафаева да алыстан ат терлетіп келген би ұжымына ізгі лебізін арнады. Ансамбль директоры Елубай Кенжалиев келген көрерменге алғысын білдірді.


Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі ұлттық хореография мәдениетінің бай мұрасын және әлемдік хореографияның алуан түрлігін толық насихаттай алатын бірегей кәсіби би ұжымы саналады.


Мерекелік кеште қазақтың ұлттық билерімен қатар, әлем халықтарының би туындылары орындалды. Концерт барысында көрермендерге әр ұлттың салт-дәстүрі мен мәдениеті би арқылы паш етілді. Кештің құрметті қонақтары ретінде ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, әнші Өмірқұл Айнязов және ҚР Мәдениет саласының үздігі, күйші Рахат Сарсенов өнер көрсетті. Қала тұрғындары мен қонақтары рухани кештен ерекше әсер алып, көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.


Айта кетейік, осы күні «ЗАҢ және ТӘРТІП» қаржылық қауіпсіздік форумы аясында баспасөз мәслихаты өтіп, би ансамблінің жетекшілері сұхбат берді. Содан соң шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, өңірдегі би ұжымдарына тәжірибелі мамандар би өнерінің қыр-сырымен бөлісті.

Бөлісу