Дүбірлі додаға әлемнің 9 елінен командалар қатысуда.
Түркістан қаласындағы жаңадан салынған атшабарда көкпардан әлем чемпионаты жалауын көтерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
17–21 наурыз аралығында Түркістан қаласындағы жаңадан салынған атшабарда көкпардан әлем чемпионаты жалауын көтерді. Дүбірлі додаға әлемнің 9 елінен командалар қатысуда. Атап айтқанда, Ауғанстан, Қытай, Мажарстан, Моңғолия, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркия және Қазақстан құрамалары жүлде жолында бақ сынайды.
Салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов, Бүкіләлемдік Көкпар қауымдастығының президенті Данияр Қобыландин, жарыстың бас төрешісі Жанысбек Саев, сондай-ақ көкпардан Кеңес Одағының 9 дүркін чемпионы, ардагер спортшы Әбілхан Дауылбаев қатысушыларға сәттілік тілеп, құттықтау сөз сөйледі.
Жарыс регламентіне сәйкес, 17–19 наурыз күндері топтық кезең ойындары өтіп, үздік шыққан командалар жартылай финалға жолдама алады. 20 наурызда жартылай финалдық кездесулер ұйымдастырылса, 21 наурыз күні шешуші ойындар өтіп, чемпион мен жүлдегерлер анықталады.
Айтулы жарысты ұйымдастыруға Дүниежүзілік Көкпар қауымдастығы, Қазақстан Республикасының Көкпар федерациясы, Ұлттық және ат спорты орталығы және Түркістан облысы бірлесіп атсалысуда.
Әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры 30 миллион теңгені құрайды.
Айта кетейік, көкпардан әлем чемпионаты соңғы рет 2017 жылы өткен болатын. Араға тоғыз жыл салып, тарихи дода қайтадан Түркістан төрінде ұйымдастырылып отыр.


