Түркістанда «Ақ орамал» республикалық акциясы өтті

0
104

17 наурыз – Шаңырақ күні


Түркістанда «Ақ орамал» республикалық акциясы өтті

Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында «Ақ орамал» республикалық акциясы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


17 наурыз – Шаңырақ күні мерекесіне орай Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Ақ орамал» республикалық акциясы өтті.


Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасылық дәстүрлерді жаңғырту және ананың қоғамдағы мәртебесін ұлықтау.


Салтанатты жиынға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының, «Қоғамдық келісім» КММ-нің өкілдері, ҚХА жанындағы Аналар және Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, қоғам белсенділері, әжелер ансамблі, жас жұбайлар және қала тұрғындары қатысты.


Іс-шараны Түркістан облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова жүргізіп, қатысушыларды Шаңырақ күнімен құттықтады. «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева отбасы – қоғамның негізі, ал ана – сол шаңырақтың ұйытқысы екендігін атап өтті.


Жиын барысында қазақ халқының тағылымды дәстүрі жаңғыртылып, аналар жас жұбайларға және ақжаулықты әжелерге ақ орамал жапты.


Бұл – аналардың ақ тілегі мен ақ батасының белгісі болды.


Сондай-ақ ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптейтін «Шылауыш орау» дәстүрінен сахналық көрініс, аналарға арналған әсерлі әндер, әжелердің «Ақ орамал» дефилесі, сондай-ақ, мәдени музыкалық қойылымдар ұсынылды. Сонымен қатар Түркістан қаласының Құрметті азаматы Шора Есмолдаев 61 жыл отасқан жұбайымен бірге отбасы татулығының сырымен бөлісіп, жастарға ақыл-кеңестерін айтты.


Іс-шара соңында батагөй ақсақал жас жұбайларға ақ батасын беріп, қазақы дәстүрге сай ақжарма тілектерін жеткізді.


Іс-шара аясында қатысушыларға «Наурыз-базарлық» сыйлық бокстары таратылып, құрметті қонақтарға гүл шоқтары табысталды.


Осындай тағылымы мол кездесулер арқылы ұрпақ сабақтастығы нығайып, отбасы құндылықтары дәріптеліп келеді.


Ақ орамал – ананың мейірімі мен даналығының, шаңырақтың берекесі мен ұрпақ сабақтастығының символы.

Бөлісу