ТҮРКІСТАН: Жетісайда 210 тік дренаж іске қосылады

0
591

170 данасы тұрақты жұмыс жасап тұр.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда 210 тік дренаж іске қосылады

Жетісай ауданында 210 тік дренаж іске қосылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


80 мың гектарға жуық суармалы жері бар Жетісай ауданында биылғы жылы 40,8 мың гектарға жуық жерге мақта, 19,7 мың гектар жерге бақша, 3,4 мың гектар жерге көкөніс, 7,3 мың гектар жерге дәндік жүгері мен 6,6 гектар жерге мал азықтық дақылдар егілген.


Негізгі табысын агросектордан алатын ауданда өнім көлемі мен сапасын арттыру мақсатында тік дренаждарды іске қосу, елді мекендердегі жерасты суын төмендете отырып көгалдандыру, абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Ауданда жалпы саны 380 дана тік дренажды ұңғымалардың бүгінде 170 данасы тұрақты жұмыс жасап тұр.


Өткен жылдың қазан айында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі «ҚазСушар» РМК тапсырысымен «Ислам Даму Банкі» қаржысы есебінен басталған 210 дана тік дренажды ұңғымаларды қайта қалпына келтіру жұмыстары 2026 жылы толығымен аяқталып, ел игілігіне тапсырылады деп күтілуде.


Себебі, ауданда тік дренаждардың істен шығуының салдарынан жерасты суы өз деңгейінен жоғары көтеріліп, егістік алқаптарда өнімнің сапасы мен көлемі төмендеген. Жауын-шашында судың жерге сіңуі қиындап, тұрғындар үйіргелік жерлеріне бау-бақша егуден қалған.


Жоспар бойынша «КиікбайСтройСервис» ЖШС Мақталы, Қызылқұм, Абай ауылдық округтеріндегі 97 дана тік дренажды қалпына келтіру арқылы 16 мың гектар алқаптың мелиоративтік жағдайын жақсарту көзделген болса, «Арт-Құрылыс» ЖШС Ералиев, Ынтымақ, Ш.Ділдабеков ауылдық округтеріндегі 113 дана тік дренажды қалпына келтіру арқылы 20 мың гектар алқаптың мелиоративтік жағдайы қайта қалпына келтіру көзделуде.


Қазірдің өзінде «Арт-Құрылыс» компаниясы 113 дана ұңғыманың 60-ын бұрғылап үлгерген. Мердігерлер ұңғымаларды бұрғылаумен қатар келесі жылдың соңына дейін жалпы ұзындығы 124 шақырымды құрайтын су қашыртқыларын қалпына келтіріліп, 230 шақырым электр жүйелерін қайта іске қоспақ.