Конференцияның күн тәртібінде 3 мәселе қаралды.
«Жастар рухы» Жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының ІV есеп беру-сайлау конференциясы болып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласындағы Достық үйінде «AMANAT» партиясы «Жастар рухы»Жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының ІV есеп беру-сайлау конференциясы болып өтті. Конференция «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиевтің төрағалығымен өтті.
Жиынға «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Жанәбіл, партияның Түркістан облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі кеңестің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ханай Әшірбеков, облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары Еркебұлан Хандиллаев, Инара Намазбаева, «Жастар рухы» Жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы қызметін осы күнге дейін атқарып келген, бүгінде Шымкент қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы болып тағайындалған Жансерік Жұман, жастарды қолдау жөніндегі кеңестің мүшелері, аудандық, қалалық партия филиалдарының төрағалары мен атқарушы хатшылары, аудан, қалалардағы жастар қанатының жетекшілері, белсенді жастар қатысты.
Конференцияның күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Оның ішінде «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы қызметін атқарған Жансерік Бауыржанұлының есепті мерзім аралығында өзіне жүктелген міндеттер бойынша атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды, ұйымның жаңа төрағасын сайлау өткізілді және облыс көлеміндегі жастар саясатына қатысты өзекті мәселелердің жаңа жұмыс бағыттары таразыланды.
Алтынсары Дүйсенбекұлы «Жастар рухы» Жастар қанатының Түркістан облысындағы төрағасы қызметін 6 жылға жуық уақыт бойы абыроймен атқарған Жансерік Бауыржанұлы Жұманға өз атынан және өңірдегі 85 мыңнан астам партияластардың атынан алғысын білдірді. Осы кезең ішінде облыстық партия филиалының жастар буыны қоғамдық өмірдің барлық саласында белсенділік танытқанын, көптеген игі іс атқарғанын атап өтті.
«Жансерік Бауыржанұлы жастардың алғы шебінде қызмет атқарды. Облыс жастарының күш салуымен «AMANAT-AQYLMAN» ойындары Түркістан облысының жеке жобасы болып қалыптасты. Партия қанаты астына біріккен жастарымыз «QAISAR» патриоттық ойындарының жүлдегерлері қатарынан көрінді. Өткен жылдың қорытындысымен партияның Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты республикада үздік деп танылды. Облыс жастары өткізген патриоттық акциялар мен экологиялық іс-шаралар, волонтерлік қызмет қоғам тарапынан жоғары бағаланды. Бұл жұмыстар Жансерік Жұманұлының жоғары ұйымдастырушылық қабілетін көрсетті, жауапкершілігі жоғары, қоғамды жаңартуға дайын азамат екенін білдіреді. Оны жастардың белсенді көшбасшысы ғана емес, қоғамдық өмірге өзіндік үлес қосқан мемлекетшіл азамат деп білеміз», - деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Өз кезегінде Жансерік Бауыржанұлы облыстық партия филиалының төрағасы Алтынсары Дүйсенбекұлы мен партияның «Жастар рухы» жастар қанатының жетекшісі Ақерке Нұрғалиқызына жүктелген сенім үшін алғысын айтып, бұл сенім жігер бергенін, елдік істі атқаруға деген ұмтылысқа қуат бергенін жеткізді.
«Түркістан облысы – жастар саны көп және олардың әлеуеті жоғары өңір. Осындай өңірде жастар қанатын басқару мен үшін әрі сынақ, әрі мүмкіндік болды. Бес жылдан астам уақыт бойы атқарылған жұмыстар өңір жастарының белсенділігін, ұйымшылдығын және жауапкершілігін айқын көрсетті», - деді Жансерік Жұман.
Облыстық партия филиалы жастар қанатының пандемия кезеңіндегі бастамалары, Арыс қаласындағы жарылыстар, Қостанайдағы орман өрті, Қазығұрт және Мақтаарал аудандарында орын алған су тасқыны, республиканың батыс өңірлеріндегі төтенше жағдайлар кезеңіндегі еріктілік, қайырымдылық жұмыстары баяндалды. Конституциялық реформалар бойынша және АЭС салу бастамасы аясындағы референдумдарды өткізуде, Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлау науқанында атқарылған жұмыстар айтылды. Жастар саяси лагерлерін ұйымдастыру, патриоттық жәнеэкологиялық іс-шараларды атқару, жастарды ортақ мақсат аясына біріктіру жөніндегі іс-шаралардың атқарылуы жөнінде мағлұматтар берілді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселені қарастырған конференция делегаттары «Жастар рухы» Жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы лауазымына Еркебұлан Мадиярұлының кандидатурасын бекітуді дауысқа салды. Делегаттар дауыс беріп, бұл лауазымға ұсынылған кандидат бірауыздан бекітілді.
Еркебұлан Мадиярұлы «Жастар Рухы» жастар қанатының облыстық филиалында 2020 жылдан бастап волонтер ретінде қызмет атқарды. Жігерлі жас алғырлығы мен табандылығының арқасында ұйымның консультанты қызметіне тағайындалды. Ол – «Көлік, көліктік техникалар және технологиялар», «Экономика» мамандықтары бойынша жоғары білім алған. Сеніп тапсырылған жұмысты жоғары деңгейде және адал атқарғаны үшін «AMANAT» партиясының Құрмет грамотасымен маапатталған. 2024 жылдың қорытындысымен Түркістан облысының әкімдігі тағайындаған «Жылдың ең үздік волонтері» номинациясын иеленді.
Еркебұлан Мадиярұлы өзіне сенім артқан партияластарға алғысын жеткізіп, саяси ұйымның стратегиялық басымдықтарын іске асыруға бар күш-жігерін жұмсайтынына сенім білдірді.
Конференция жұмысына қатысқан «AMANAT» партиясы«Жастар рухы» Жастар қанатының жетекшісі Ақерке Искандерова партиялық міндеттерді абыроймен атқарған Жансерік Жұманға алғысын білдіріп, Түркістан облысының жастары жаңашыл идеяларды ұсына білетін, креативті бастамаларды көтеретін және нақты нәтижеге қол жеткізетін белсенді ұйым екенін айтты. Жастардың облыстық филиалы жетекшісіне жаңадан сайланған Еркебұлан Мадиярұлы жұмысқа жаңа серпін беріп, абырой биігінен көрінетініне сенім білдірді.
«Осыдан біршама уақыт бұрын Түркістан облысына республикалық экологиялық «Road-эстафетасы» шеңберінде келдік. Бес өңірдіаралап шықтық. Соның ішінде эстафетаның ең үлкен бөлігі Түркістан облысында өтті. Шын мәнінде, мұндағы жастардың дайындығы жоғары деңгейде болды. Оның аясында экологиялық акцияларды өткіздік, тарихи жерлерге тағзым еттік, «Вандализмге жол жоқ!» акциясын өткіздік. Бізді ерекше қуантқаны, осындағы әр аймақ тұрғындарының экологиялық жанашырлығы болды. Түркістан облысының тұрғындары нағыз елжанды азаматтар екенін көрсетті. Осы іс-шараның жоғары деңгейде өтуін ұйымдастырған Жансерік Бауыржанұлы мен Еркебұлан Мадиярұлына шынайы алғысымды білдіремін», - деді Ақерке Нұрғалиқызы.
Жастармен жұмыс жүргізу жауапкершілігі жоғары міндет екенінпартияның Түркістан облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі кеңестің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ханай Әшірбеков атап өтіп, партияның жастар қанатымен бірлесе атқарылған жұмыстарға тоқталды. Жастар қанаты өскелең ұрпақ үшін шын мәніндегі әлеуметтік лифт міндетін атқарып отырғанын жеткізіп, осы құрылымнан тәжірибе жинаған біраз азамат мемлекеттік қызметте, депутаттық корпус сапында елге адал қызмет етіп жатқанын айтты.Жансерік Бауыржанұлы мен Еркебұлан Мадиярұлына алдағы жұмыстарына табыстар тіледі.
Конференцияның күн тәртібіне қойылған үшінші мәселе бойынша сөз алған партияның Ордабасы аудандық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының жетекшісі Әділет Әбілқайыр облыс аумағында жастар мәслихатын құру туралы бастама көтеріп, ол өңірдегі жастар саясатын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Облыс жастарының белсенді әлеуеті бас қосқан жиында сөз алған Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Жанәбіл, жастардың көшбасшысы ең алдымен адал азамат ұғымын білдіретінін айтты. Көшбасшылық тек көпшілікті соңынан ерте білу ғана емес, қоғамға үлгі болу, әділдікті ұстану, сенімге селкеу түсірмеу екенін айта отырып, бұл қасиеттер Жансерік Бауыржанұлы мен Еркебұлан Мадиярұлының бойында бар екенін айтып,қоғам игілігіне арнаған жұмыстарының жемісті болуын тіледі.
Конференция жұмысын қорытындылаған Алтынсары Дүйсенбекұлы облыстық партия филиалының жастар қанаты өзінің белсенді қызметін әрі қарай да жалғастыратынын айтты, жас буынның азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру, олардың табысқа жетуіне жағдай жасау, қоғамның дамуына белсенді араласуын қамтамасыз ету бағыттарында жемісті еңбек ететініне сенім білдірді.


