Жанармай құю бекеттерінде АИ-92 маркалы бензин және дизель отыны еркін босатылуда, тапшылық жоқ.
Түркістан облысында жанар-жағармайды заңсыз тасымалдаумен күрес күшейтілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында жалпы сыйымдылығы 119 мың тоннаны құрайтын 9 мұнай сақтау қоймасы және 380 жанармай құю бекеті жұмыс істейді. Бүгінде Шымкент қаласындағы мұнай өңдеу зауыты штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Мұнай сақтау қоймаларында АИ-92 маркалы бензиннің 12 507 тонна, АИ-95 маркалы бензиннің 1 296 тонна, дизельдік отынның 11 356 тонна қоры бар. Жанармай құю бекеттерінде АИ-92 маркалы бензин және дизель отыны еркін босатылуда, тапшылық жоқ. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде мәлімделді.
Облыс басшысы жауапты тұлғаларға жанармай бағасын тұрақтандыру және тапшылығын болдырмау мақсатында тиісті шараларды қолға алу бойынша тапсырмалар жүктеді.
– Департаменттермен бірлесе, күнделікті мониторинг жұмыстарын күшейтіңіздер. Жанар-жағармайды көрші елге заңсыз тасымалдауды тоқтату мақсатында Сарыағаш, Қазығұрт, Мақтаарал ауданы әкімдіктерімен рейдтік іс-шараларды ұйымдастырып, қатаң бақылауға алыңыздар, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Жиында Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтің жанар-жағармай тапшылығының алдын-алу шаралары туралы баяндамасы тыңдалды.
2025 жылдың 16 қазанынан бастап бағаны тұрақтандыру мақсатында АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын көтеруге мораторий енгізілді. Жанармай тапшылығын болдырмау және бағаны тұрақтандыру бойынша облыс көлемінде арнайы жұмысшы топтар құрылып, күнделікті бақылау жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде 89 жанармай құю бекетінде бағаны өсіру фактілері анықталып, баға қалыпқа келтірілді. Сонымен қатар жанар-жағармайды көрші елге заңсыз тасымалдауды тоқтату мақсатында тұрақты түрде рейдтік шаралар өткізілуде. Жыл басынан мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы бойынша 247 факт анықталып, 10,4 млн теңгеге айыппұл салынды.
Жалпы қазіргі уақытта облыс көлемінде жанар-жағармай тапшылығы жоқ, баға – тұрақты. Жанармай бағасын тұрақтандыру және тапшылығын болдырмау жұмыстары жалғасады.
Мәжіліс барысында сұйытылған мұнай газы тапшылығының алдын алу бойынша Облыстық энергетика және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев баяндады. Оның мәлімдеуінше, 2025 жылдың IV тоқсанына ҚР Энергетика министрлігі тарапынан өңірге 32505 тонна көлемінде сұйытылған мұнай газы бөлінді. Атап айтқанда, қазан айына – 9 972 тонна, қараша айына – 11 880 тонна, желтоқсан айына – 12 600 тонна. Облыста сұйытылған мұнай газ таратумен 50 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Ал газ құю станцияларының саны – 314. Өңірде сұйытылған мұнай газының бағасы 1 литрі 102-107 теңгені құрайды. Осы жылдың 15 қазанынан бастап облыстың бірқатар ауданында газ тапшылығы байқалған. Атырау облысындағы газ өңдеу зауытының жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты, барлық облыстарда газ тапшылығы орын алды. Салдарынан облыстың газ тұтыну көлемі тәулігіне 450-500 тоннаны құраса, облысқа зауыттан шығатын газ көлемі 250-300 тоннаға дейін төмендеген.
Аудан, қала көлемінде жұмысшы топтар құрылып, тұрақты мониторинг жүргізілуде. Бүгінгі таңда зауыттардан қараша айына бөлінген 11 880 тонна сұйытылған мұнай газының 5706 тоннасы босатылып, субъектілерге жөнелтілді. Мониторинг жұмыстарының нәтижесінде, аудан, қала аумағындағы бекеттердегі газ қалдығы 487 тоннаны құрап отыр. Сұйытылған мұнай газының тұтынушыларға жеткізілуі және оның бекітілген бағада сатылуына тұрақты мониторинг жүргізіліп, бақылауға алынған.


