«Заң мен тәртіп» қағидатын дәріптеу және діни қызмет саласындағы заңнама талаптарын түсіндіру мәселелері талқыланды.
Түркістан облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен, басқарма жанынан құрылған «Ынтымақ-Түркістан» клубының аясында «Зайырлы қоғамда діннің алатын орны» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Іс-шараға облыстық дін істері басқармасының басшылығы мен қызметкерлері, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша өкілдері, христиандық конфессия өкілдері, қала және аудандық ішкі саясат бөлімдерінің қызметкерлері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиынның мақсаты – түрлі сенім мен дін өкілдері арасында конфессияаралық және дінаралық диалогты дамыту, өзара түсіністік пен сыйластықты нығайту, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтау, сондай-ақ діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу болды. Сонымен қатар, шара барысында толеранттылық құндылықтарын насихаттау, «Заң мен тәртіп» қағидатын дәріптеу және діни қызмет саласындағы заңнама талаптарын түсіндіру мәселелері талқыланды.
Іс-шара барысында облыстың наиб-имамы С.Ахметов пен Түркістан қаласының наиб-имамы Х.Қоңыртай қоғамда адалдық, парасаттылық, әділдік құндылықтарын насихаттаудың маңыздылығын атап өтті.
Жиынға қатысушылар зайырлы қоғам жағдайында діннің орны, діни сенім бостандығы мен мемлекеттік саясаттың өзара үйлесімі, сондай-ақ қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтау мәселелері төңірегінде пікір алмасты.
Мұндай кездесулер қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға, түрлі конфессия өкілдері арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.


