Түркістан облысында әлеуметтік нысандар салу, ауылдарды инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жалғасып жатыр.
ERNUR.KZ. Осы ретте Төлеби ауданы Кемеқалған ауылдық округіне қарасты Әңгірата ауылында ел бірлігі мен ауызбіршіліктің жарқын үлгісіне айналған игі іс жүзеге асып, жаңа ауылдық кітапхана салтанатты түрде пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындарының қолдауы мен ел жанашырларының демеушілігі нәтижесінде бой көтерген жаңа рухани орданың ашылуы ауыл өміріндегі маңызды оқиға болды.
Салтанатты рәсімге мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов, Төлеби ауданы әкімінің аппаратының басшысы Амалбек Өміртай, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, кәсіпкер меценат Әсет Қайыпбеков, журналист Асхат Садырбай, ауданның зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, ауыл ақсақалдары және тұрғындар қатысты.
Бұл игі бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып, кітап оқу мәдениетін дамытуға, жас ұрпақтың білімге құштарлығы мен рухани әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі болды.
Әңгірата ауылдық кітапханасының тарихы 1953 жылдан басталады. Алғашқы кітапхана ауыл тұрғындарының қолдауымен және соғыс және еңбек ардагері Әбдіжаппар Ақыловтың бастамасымен ашылған. Ол ширек ғасырға жуық уақыт бойы кітапхананы басқарып, ауылдың мәдени-рухани өмірінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Кейін бұл игі істі 1978-1993 жылдары Әбдіжаппар Ғани жалғастырса, 1993 жылдан бері Райымкүлова Гүлзия оқырмандарға үздіксіз қызмет көрсетіп келеді. Бүгінде кітапхана қорында 10 мыңға жуық кітап сақталған.
2023 жылы кітапхананың ескі ғимаратының тозығы жетіп, апатты жағдайға байланысты сүрілген болатын. Соған қарамастан кітапхана уақытша ғимаратта жұмысын жалғастырып, ауыл тұрғындарына үздіксіз қызмет көрсетті.
Ауыл тұрғындарының өтініші негізінде 2025 жылдың қыркүйек айында ауыл жанашыры, кәсіпкер Жамбыл Мәуленұлының бастамасымен және жомарт жүректі ауыл азаматтарының демеушілігі арқылы жаңа кітапхана ғимаратының құрылысы басталды. Қысқа мерзім ішінде құрылыс жұмыстары толық аяқталып, заманауи талаптарға сай жаңа кітапхана ел игілігіне берілді.
Салтанатты жиын барысында ауылдың рухани игілігіне айналған жаңа кітапхананың бой көтеруіне демеушілік жасап, елдің ортақ ісіне қолдау білдірген бірқатар азаматтарға Төлеби ауданы әкімінің және аудандық мәслихат төрағасының Алғыс хаттары табысталды.


