Механикалық тазалау нәтижесінде облыстық меншіктегі қашыртқалардың тозу көрсеткіші 80 пайыздан 10 пайызға төмендеді.
Нұрбол Тұрашбеков «Тұран су» мекемесінің жұмыс жоспары бойынша лездемелік мәжіліс өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков «Тұран су» мекемесінің жұмыс жоспары бойынша лездемелік мәжіліс өткізді. Бүгінгі таңда стратегиялық маңызы бар 20су қоймасы, 3 су торабы, 3 магистралды, 107 ішкі шаруашылықаралық канал, 3 өндірістік база және 81 арнайы техника кәсіпорын теңгерімінде.
«Тұран су» мекемесі Сайрам, Ордабасы, Бәйдібек, Сауран аудандары мен Арыс қаласы бойынша 108,1 мың гектар егістік алқапты ағын сумен қамтамасыз етеді. 2022-2025 жылдар аралығында облыстық бюджеттен 10 су нысанын күрделі жөндеуден, 6 нысанды механикалық тазартудан өткізіп, нәтижесінде 42,4 мың гектар суармалы жердің мелиоративтік жағдайының жақсаруына қол жеткізді.
Мекемеге бөліп төлеу негізінде 60 арнайы техника сатып алынды. Оның ішінде аудан, қалалар аумағындағы каналдар мен арықтарды тазалау және де қажетті жұмыстарды атқару мақсатында, кәсіпорын тарапынан 24 экскаватор кейіннен сатып алу тәртібімен жалға берілді. Нәтижесінде 1288 шақырым каналдар мен қашыртқыларға механикалық тазалау жүргізіліп, шаруаларға ағын суды тұрақты жеткізіле бастады.
Механикалық тазалау нәтижесінде облыстық меншіктегі қашыртқалардың тозу көрсеткіші 80 пайыздан10 пайызға төмендеді.
Мәжіліс барысында «Тұран су» мекемесінің басшысы Досхан Лесов теңгерімдегі су қоймаларын көпфакторлы зерттеуден өткізу, қауіпсіздік декларациясын рәсімдеу, Түркістан, Арыс, Қараспан магистралды каналдары және ішкі шаруааралық каналдардың гидроқұрылымдарын аттестациядан өткізу мәселелерін көтерді.
Нұрбол Тұрашбеков вегетациялық кезеңге дейін каналдар мен арық-атыздардың дайындығын қайта пысықтап, ағын суды ысырапсыз пайдалануды қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды.
– Егістіктердің картасын әзірлеп, дақылдардың ерекшелігін назарға ала отырып, суғару кезектілігінің кестесін осы кезден түзу қажет. Шаруалармен кездесіп, ұсыныстарын тыңдаңыздар. Назардан тыс қалған проблемалар болса, аудан-қалалармен бірлесіп, заң аясында тиісті шараларды қабылдаңыздар. Проблеманың алдымыздан шыққанын күтудің қажеті жоқ, – деді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.
Айта кету керек, «Ислам даму банкімен» жүргізілген келіссөздер нәтижесінде «Тұран су» кәсіпорнын қаржыландыру келісілді.
Алғашқы кезеңде 14 жоба қаржыландырылады. Нәтижесінде: 53,3 мың га суармалы жердің су жеткізу қабілеттілігі артады. Құрылыс 2026 жылы басталады.
Бұдан бөлек, 77 нысанның жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, «Ислам даму банкіне» 2 кезеңге қаржыландыруға ұсынылады.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыстағы су нысандарының тозу көрсеткіші 76%-дан, 50%-ға төмендеп, 400 мың гектар суармалы жерлерге ағын су жеткізу қабілеттілігі артады деп күтіліп отыр.


