ТҮРКІСТАН: Сауранда тазалық іс-шарасы өтті

0
102

Таулы аумағында өткен тазалық шарасына 200-ге жуық адам қатысты.


ТҮРКІСТАН: Сауранда тазалық іс-шарасы өтті

Сауранда кең ауқымды тазалық шарасы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Сауран ауданы бойынша кең ауқымды тазалық шарасы ұйымдастырылды. Жаңа Иқан ауылдық округінің табиғаты көркем, таулы аумағында өткен тазалық шарасына 200-ге жуық адам қатысты. Оған қоғамдық жұмысшылармен қатар ауыл тұрғындары, мемлекеттік қызметшілер тартылып, қоқыстан тазартуға белсене атсалысты.


Сенбілік жұмыстары Ойық ауылынан басталып, Созақ ауданының шекарасына дейін жалғасты. Бұл бағыт бойындағы елді мекендер мен жол жиектері қоқыстан тазартылып, аумақтар ретке келтірілді. Аудан аумағындағы 12 ауылдық округтен келген тұрғындар мен мемлекеттік қызметшілер тазалық жұмыстарына өз үлестерін қосты. Іс-шара барысында жалпы саны 8-ден астам арнайы техника жұмылдырылып, 20 тоннадан астам күл-қоқыс шығарылды.


Тазалық жұмыстары аяқталғаннан кейін аудан әкімі Мақсат Таңғатаров сенбілікке атсалысқан барлық еңбек адамдарына алғысын білдірді.


Қатысушыларға арналған тимбилдинг ұйымдастырылып, табиғат аясында арнайы ас берілді. Жауаптылардың айтуынша, бұл шара, бір жағынан, белсенді азаматтарға алғыс білдіру, екінші жағынан, еңбекке құрметтің нақты көрінісі болған.


Айта кетсек, осындай сенбіліктер – тек қоршаған ортаны емес, қоғам санасын да тазартатын, ауызбіршілікті арттыратын маңызды бастамалардың бірі ретінде аудан көлемінде тұрақты түрде жалғасатын болады.

Бөлісу