ТҮРКІСТАН: Сауранда Сауан қаласы делегациясымен ресми кездесу өтті

0
82

Басқосудың мақсаты – екі өңір арасындағы экономикалық, мәдени және әлеуметтік бағыттағы әріптестікті нығайту, жаңа бастамаларды талқылау және өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту болды.


ТҮРКІСТАН: Сауранда Сауан қаласы делегациясымен ресми кездесу өтті

Сауранда ҚХР Сауан қаласы делегациясымен ресми кездесу өтіп, өндірістік алаңдар таныстырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Сауран ауданында Қытай Халық Республикасының Шыңжаң ұйғыр автономиялық районына қарасты Сауан қаласының ресми делегациясымен кездесу өтті. Басқосудың мақсаты – екі өңір арасындағы экономикалық, мәдени және әлеуметтік бағыттағы әріптестікті нығайту, жаңа бастамаларды талқылау және өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту болды.


Кездесудің негізгі бөлігінде сөз алған Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров өз тарапынан ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталып, екі өңір арасындағы экономикалық байланыстарды дамытуға дайын екенін жеткізді. Сауран ауданының инвестициялық, туристік және кәсіпкерлік әлеуеті жөнінде Сауран ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және туризм бөлімі басшысы Сұлтанғали Шакиров ақпарат берді. Ол өңірдің экономикалық мүмкіндіктерін, бизнес жүргізу жағдайларын және туризм саласындағы жаңа бағыттарды таныстырды.


Қытай Халық Республикасының Сауан қаласының әкімі Ербол Төлегенұлы сөз сөйледі. Делегация басшысы екі өңір арасындағы мәдени-гуманитарлық және экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін айтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылығын білдірді.


Ресми басқосуда ауыл шаруашылығы, туризм, өндіріс, инфрақұрылым және әлеуметтік жобалар бойынша өзара ұсыныстар талқыланды. Тараптар алдағы бірлескен ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын нақтылап, әлеуетті жобаларды пысықтады. Жиын соңында қатысушылар екіжақты әріптестіктің жаңа деңгейге көтерілуіне сенім білдіріп, ресми сапарға ризашылықтарын жеткізді.


Сапар барысында делегация мүшелері Сауран ауданының Шаға ауылдық округіндегі өндірістік парк нысандарын аралап, өңірдің индустриялық әлеуетімен танысты. Қонақтарға ауданның жетекші кәсіпорындарының жұмысы көрсетілді.


Делегация жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін өндіретін «BNK Group» серіктестігінің өндірістік цехтарын көрді. Кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен әріптестік аясында «BNK IRRIGATION» брендімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатқыш машиналарды шығарады. Бұл жоғары технологиялық жабдық ауыл шаруашылығын заманауи әрі үнемді тәсілмен дамытуға мүмкіндік береді.


Шара жалғасы ретінде Сауанның делегация мүшелері «Aqniet Holding» кәсіпорнының өндіріс алаңында болды. Компания білім беру ұйымдарына арналған жиһаз өндірумен айналысады және соңғы үш жылда 50-ге жуық мектепті қажетті жабдықтармен қамтамасыз еткен. Қазіргі уақытта кәсіпорын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына сәйкес стандартталған жиһаз үлгілерін шығарып, оларды республикадағы оқу мекемелеріне жеткізіп отыр. Сонымен қатар мекеме «KAZMEDPRIBOR» компаниясымен бірлесе отырып, денсаулық сақтау саласына арналған медициналық жабдықтарды өндіруді жүзеге асырады.


Сауан делегациясының өкілдері көрсетілген кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндіктеріне ерекше қызығушылық танытып, болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Шаға ауылдық округіндегі өндірістік парк шетелдік қонақтарға Сауран ауданының экономикалық әлеуетін кеңінен таныстыруға мүмкіндік берді.

Бөлісу