ТҮРКІСТАН: Сауран ауданындағы мәселелер мәслихаттың бақылауында

0
116

8 рет аудандық мәслихаттың бірлескен тұрақты комиссияларының отырысы өткізіліп, аудан көлеміндегі маңызды 33 мәселе қаралған.


ТҮРКІСТАН: Сауран ауданындағы мәселелер мәслихаттың бақылауында

Мемлекет басшысының 2021 жылғы 12 наурыздағы №534 Жарлығына сәйкес, Түркістан облысында жаңадан Сауран ауданы құрылды. Бүгінде аудандағы 12 ауылдық округ немесе 33 елді мекенде 103 463 халық өмір сүріп жатыр. Ал, осынша тұрғыны бар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына аудандық мәслихат ұжымы қаншалықты атсалысып жатыр? Депутаттар аудандағы өзекті проблемаларды шешу жолында 2025 жылы қандай жұмыстар атқарды? Бұл сауалдардың жауабын білу үшін мәслихат төрағасы Байсбаев Сержан Ермекбайұлымен тілдескен едік.


Сержан Ермекбайұлының айтуынша, 2025 жылдың басынан бері Сауран аудандық мәслихатының 9 сессиясы өткізіліп, түрлі салаларға қатысты маңызды мәселелерді реттейтін 68 шешім қабылданған. Оның ішінде 8 шешім нормативтік құқықтық акті ретінде мемлекеттік тіркеуден өткен. Сонымен қатар, 8 рет аудандық мәслихаттың бірлескен тұрақты комиссияларының отырысы өткізіліп, аудан көлеміндегі маңызды 33 мәселе қаралған.


«Бүгінгі таңда аудандық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, тиісті жылдың аудандық бюджеті 2 рет нақтыланды. Аудан бойынша 2025 жылғы бюджет көлемі 17 млрд. теңгені құрады. 2025 жылдың 10 айының қорытындысымен жергілікті кірістер жоспары 105,3 пайызға немесе 228,1 млн. теңгеге артығымен орындалды. Шығыстар бойынша бюджет қаржысы 94,2%-ға игерілді. Жалпы бюджеттің 64,3%-ы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласына, 9,3%-ы әлеуметтік салаға, 7,6%-ы көлік және коммуникация саласына, 18,8%-ы басқа да салаларға бөлінді. Бұл өз кезегінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар міндеттерді шешуге септігін тигізді. Сонымен қатар, өз атымнан 2025 жылдың 10 айында жергілікті атқарушы органдарға жалпы 47 депутаттық сауал жолданды. Оның 37-сі немесе 79 %-ы қанағаттандырылып, орындалды. Ал, қалған 10-ы орындалу үстінде. Жалпы 47 депутаттық сауалдың ішінде 64 өзекті мәселе көтерілді. Ал, 15 аудандық мәслихат депутаттары тарапынан жергілікті атқарушы органдарға жалпы 107 депутаттық сауал жолданды. Бүгінгі таңда 107 депутаттық сауалдың 91-і қанағаттандырылып, орындалды. Жалпы 107 депутаттық сауалдың ішінде 122 өзекті мәселе көтерілді. 2025 жылдың 10 айында аудандық мәслихат аппаратына жеке және заңды тұлғалардан барлығы 17 өтініш келіп түсті, оның 14-і жеке тұлғалардан. Барлық арыз-өтініштер бойынша қолданыстағы заңнама шеңберінде жұмыстар жүргізіліп, өтініш иелеріне мерзімінде жауаптар жолданды.


Сонымен қатар, 10 айда аудандық мәслихат аппаратының кеңсесіне 492 құжат келіп түсті. Кіріс хат-хабарларды қабылдау, талдау, жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп, мәслихат құзыретіне кіретін мәселелер бойынша 493 шығыс хат-хабарлар жолданды», - деді Байсбаев Сержан өз сөзінде.


Сондай-ақ, жыл басынан бері Сауран ауданының 12 ауылдық округінде тұрғындармен есептік кездесулер және көшпелі қоғамдық қабылдаулар жүргізіліп, 75 азаматтың өтініші тыңдалған. Нәтижесінде өзекті мәселелер тізбесі әзірленіп, кезек күттірмей шешуді қажет ететін мәселелер бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар жасалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Аталған жобаларды республикалық бюджеттен қаржыландыруға ықпал жасау мақсатында аудандық мәслихат депутаттары тарапынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және Сенатының депутаттарына 67 сауал жолданыпты. Атап айтқанда, электроэнергиямен қамту бойынша 25 жоба, табиғи газбен қамту бойынша 7 жоба, спорт нысандарының құрылысы бойынша 3 жоба, ауыз сумен қамту бойынша 1 жоба, жалпы құны 22,4 млрд. теңгеге жуық 36 нысанның жобалық сметалық құжаттамалары және мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы ұсынылған. 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру барысында аталған нысандарға тиісті қаржыларды қарастыру күтілуде.


Мәслихат төрағасы «AMANAT» партиясының Сауран ауданы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының орындалуы жайлы да баяндап берді. Айтуынша, биыл жол картасындағы 49 индикатордың 24-і немесе 49,0%-ы орындалған. Жыл соңына дейін қалған 25 индикатор немесе 51,0%-ы орындалады деп жоспарланып отыр. Одан бөлек, «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалы «Бастауыш партия ұйымымен» бірлесіп, бірқатар жұмыс атқарған.


«Сауран ауданында 4165 партия мүшесін біріктіретін 13 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Бастауыш партиялармен тығыз байланыста жұмыстар атқарамыз. «Жер аманаты», «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Ұлттық мұра», «Балаларды мектепке даярлайық», «Таза Қазақстан» жобалары іске асырылып жатыр. Жалпыхалықтық мерекелер мен қоғамдық жұмыстарға белсене үлес қосып келеміз. Мәселен, «Бақытты отбасы» жобасы аясында аудандағы әлеуметтік аз қамтылған 15 отбасыға керекті құрал-жабдықтар мен азық-түліктер үлестірілді. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында 15 іс-шара өткізілді. «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне» орай концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, 200 бүлдіршінге арнайы тәттілер таратылды. «Кедергісіз келешек» жобасы аясында 10 айда 12 іс-шаралар жүзеге асырылып, «Ұлттық мұра» жобасы бойынша «Сауран Аруы», Абай оқулары, «Жібек жолының жауһары» сынды байқаулар өткізілді. «Балаларды мектепке даярлайық» акциясы аясында 300-ге жуық оқушыға мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен арнайы спорттық киімдер табысталды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында Сауран ауданының ауылдық округтерінде әр аптаның бейсенбі күндері тазалық жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Алда атқарылатын жұмыстар да өте көп. Президентіміз жүктеген міндеттер мен реформаларды орындауға бар күш-жігерімізді салып, аянбай еңбек ете береміз. Сонымен қатар, сайлауалды бағдарламамыздағы жұмыстарды кезең-кезеңімен атқара береміз. Өйткені, бізге сенім білдірген халық алдында үлкен жауапкершілік бар екендігін жақсы сезінеміз», - деді мәслихат төрағасы.

Бөлісу