Экологиялық акцияға 1500-ге жуық тұрғын атсалысып, ауданның жасыл белдеуін қалыптастыруға өз үлестерін қосты.
Сауран ауданында күзгі ағаш егу маусымы аясында ауқымды экологиялық акция ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту, жасыл аймақ аумағын ұлғайту бағытында күзгі ағаш егу маусымы қызу жүргізілуде.
Бүгін Сауран ауданына қарасты Шаға ауылдық округінде күзгі ағаш егу маусымы аясында ауқымды экологиялық акция ұйымдастырылды. Акция барысында 5000 түп қарағаш көшеті отырғызылды. Ағаш отырғызу жұмыстарына Сауран ауданы әкімінің орынбасары Әлімжан Сихымбай, ауданның дербес бөлімдерінің басшылары мен қызметкерлері, 12 ауылдық округ тұрғындары қатысты. Экологиялық акцияға 1500-ге жуық тұрғын атсалысып, ауданның жасыл белдеуін қалыптастыруға өз үлестерін қосты.
Көшеттер Шаға ауылдық округіндегі С.Қожанов көшесінің 6 шақырымдық аумағына егілді. Жұмыстарды орындау үшін 4 арнайы техника жұмылдырылды. Сонымен қатар көшеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы қоршаулар орнатылды.
Сауран ауданында көгалдандыру және абаттандыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасады. Алдағы уақытта аудан экологиясын жақсартуға бағытталған кешенді жобалар жүзеге асырылмақ.


